Тасмағамбетов Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу жөнінде кеңес өткізді
«Біздің еліміз үшін Тәуелсіздік айрықша маңызға ие. Бұл мерейтой ерекше мереке ретінде Тұңғыш Президентіміздің жаңа Қазақстанның қалыптасуына қосқан қомақты үлесін көрсетеді. Кез-келген мерейтойлық кезең - бұл өткен жолымызды саралап, болашағымызды бағамдауға берілген үлкен мүмкіндік», - деп атап өтті И. Тасмағамбетов.
Аталған кеңес барысында Премьер-Министрдің орынбасары әлеуметтік саланың бірқатар өзекті мәселелеріне тоқталды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын айта келе, вице-премьер білім және ғылым, медицина, мәдениет пен спорт салаларын дамытудағы міндеттерді шешу қажеттігіне тоқталды. Сонымен бірге, Тасмағамбетов кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінің беделін көтеру қажеттігіне назар аударды.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін ендіру мәселесі де байыпты жұмысты қажет етеді.
Кеңесте елдегі рухани-идеологиялық қалыптасу мәселесі, мемлекеттік ақпарат саясатының жаңа бағдары мен «Мәдени мұра» бағдарламасын ұстану мәселесі кеңінен талқыланды.