Тасқын Табысұлы: Өмірімдегі ең үлкен жетістік қазақ әнін Қытайдың сахнасында шырқау болды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылғы «Қытай дауысы» жобасында қазақтың «Дудар-ай» әнімен миллиардты жылатқан қандасымыз Тасқын Табысұлы бұл күнде Қытай астанасы Бейжіңде шығармашылық жолын жалғастыруда. «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде Қытайдың Шанхай апталығы аясында Астанаға атбасын бұрған Тасқын Табысұлы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен сұхбатында көрмеден ерекше әсер алғанын атап өтті.

- Тасқын мырза, «Қытай дауысы» тележобасында қазақтың қоңыр әуенімен «Дудар-ай» әнін әуелетіп, күллі Қытайды тәнті еттіңіз. Содан бері сізді қазақ жұрты да таныды десек артық емес. Алда тағы музыкалық бәсекелерге қатысуды жоспарлап жүрсіз бе?

- Қазақ әнін Қытайдың үлкен сахнасында шырқау, мен үшін осы өмірімдегі ең үлкен жетістік болды деп айтсам болады. Ал сол жоба менің бағымды да ашқандай болды. Осы ән байқауынан кейін концерттерде ән айту, байқаулар және тележобаларға қонақ ретінде қатысуға жиірек шақыртулар алып келдім.  Дегенмен, дәл қазіргі уақытта көңілімнен шығатын тележобалар жоқтың қасы. Сондықтан ешқандай байқауға қатысу туралы жоспарым жоқ.

- Астанадағы ЭКСПО-ны көрдіңіз, қандай сезімде болдыңыз?

- Астанада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесіне баруға жолымыз түскен болатын. ЭКСПО аясындағы  Қытайдың Шанхай апталығында ән шырқадым. Бір өкініштісі, көрмені асықпай аралап, әсем қаланы барынша жақын сезінуге уақыт тапшылығы мүмкіндік бермеді. Дегенмен Астана жаңалыққа толы жас қала екеніне әбден көзім жетті. Осында болған кезімде қала маған алып күш және үлкен жігер сыйлағандай сезімде болдым. Астананы қимай кеттім десе де болады. Сондықтан да ендігі уақытта қазақтың бас қаласына тағы жолым түсіп, тағы да осындай ғаламат сезімге бөленсем екен деп тілеймін.

-Қазақстанда жеке концерт өткізу немесе концерттерге қатысу туралы жоспарыңыз барма?

- Ең әуелі мені қолдап-қуаттаған қазақ жұртшылығына алғысым шексіз. Әрине ұсыныстар болса, қуана-қуана келісер едім. Тыңдармандардың қолдауы мен жақсы бағасы бұл әнші үшін ең үлкен жетістік деп ойлаймын.
null 

-Қазақтың заманауи музыкасы және Қазақстан әншілері туралы өз ойыңызды айта кетсеңіз.

- Қазақтың музыкасын үнемі тыңдап жүремін. Кәсіби деңгейін және ұлттық сипатын жоғары бағалаймын. Ал әншілер туралы айтар болсам, бала кезімнен Роза Рымбаеваның әнін тыңдап өстім. Алыста болсам да ол кісінің менің өнер жолымдағы орны ерекше деп айтар едім.

- Ал Димаш Құдайберген туралы не айтасыз?

- Димаш - өте талантты жігіт. Мен де көптеген қытайлық және қазақстандық жанкүйерлер секілді оның «Singer» байқауындағы жетістігіне тәнті болдым.  Димаштың барлық кезеңіндегі өнерін көріп отырдым, жанкүйер болдым, қолдадым. Ол қазақтың ұлттық мәдениетін, қазақтың төл музыкасын қытайлықтарға танытты. Ондай таланты адамдар да, оның өзіне ғана тән дауысы да өте сирек кездеседі. Құбылыс деуге де болады. Есімде қалғаны, мен Димашпен әлгі байқаудан бұрын, осыдан екі жылдың алдында Астана қаласында өткен бір концертте таныстым. Сол кезден-ақ оның адамгершілігі мен кішіпейілдігі, сыпайылығы есімде жақсы сақталыпты.

- Сіздің жоғары оқу орнында математик мамандығы бойынша білім алғаныңыз бізге белгілі. Әншілік жолын таңдауға не себеп болды?

- Ол рас. Дегенмен, балалық шағымда да, студенттік кезімде де ешқашан музыкадан алыстаған емеспін. Университетте, қалалық концерттер мен ән байқауларына қатысып жүрдім. Жалпы бүгінгі жетістігім музыкаға деген махаббатым мен табандылығымның арқасында келді.

- Сөз соңында қазақстандықтарға бір ауыз тілегіңізді айта кетсеңіз...

- Мен ең бірінші кезекте барша қазақстандықтарды Астанадағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінің сәтті өтуімен құттықтаймын! Бұл шынында да қазақ халқын әлемге жан-жақты танытқан шара болды. Қазақ еліне береке-бірлік, бейбіт өмір тілеймін! Екі ел достығының нығая беруіне тілектеспін!

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар