Тәртіп сақшысы боламын деген бала кездегі арманым орындалды - Руслан Әбжанов

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақ елі үшін бұл жыл тарихи сәттерге, мерейлі жаңалықтарға толы жыл болды. 25 жыл бұрын жас мемлекет өзін егемен ел деп жариялап, Тәуелсіздікке қол жеткізген болатын. Осы уақыт ішінде түрлі жаңарулардан өтіп, Мәңгілік ел болу жолында қарышты қадамдар жасап, дамыған 50 елдің қатарынан бой көрсетіп, әлемге прогресшіл әрі сенімді мемлекет ретінде танылды. Осындай жас әрі қарқынды дамушы мемлекетпен бірге азаттықтың ақ таңында дүниеге келген, балалық шағын ашық аспан астында өткізген Тәуелсіздік құрдастары да өсіп келеді. Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің өзінде Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген 88 полиция қызметкері қызмет етеді. Солардың бірі - Руслан Әлиәкімұлы Әбжанов.

Ол 1991 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келген. Кішкентай кезінен айтқан сөзінен тайсалмайтын беріктігі, шыдамдылығы мен төзімділігі оның болашағынан үлкен үміт күттіретін. 27 жыл бойы құқық қорғау органдарында қызмет атқарып, құрметті зейнеткерлікке шыққан әкесінің темірдей тәртібінің арқасында Руслан кішкентай кезінен болашақта кім болатындығын шешіп қойған-ды. Әкесінің қасынан бір елі қалмай, қызмет барысында орын алған қызықтары мен шыжықтарын тыңдап, нағыз полиция қызметкері ұстануы қажет ақыл-кеңестерін санасына құйып өсті. Оқу орнын тәмамдап, әскер қатарына шақырылып, Орал қаласындағы Ішкі әскер әскери бөлімінде азаматтық борышын өтеп келді.

Ең алғаш Отан алдында ант беру сәтінде қатты толқыныста болған ол, қандай жауапкершілік жүгін арқалағанын сезініп, өзіне де әрқашан адал болуға, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау жолында барлық күш-жігерін жұмсауға ант берген еді. Ішкі істер органдарындағы алғашқы қызметін Қалалық ішкі істер басқармасының жол патрульдік полиция қызметкері ретінде бастайды. Қазіргі таңда полиция кіші сержанты шенінде қызмет етуде. Күн-түн демей жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, азаматтардың бостандығы мен құқықтарының қорғалуы жолында қызмет етіп, Отан алдындағы антына адалдық танытуды басты мақсаты тұтады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық, жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа» деген сөзін өмірлік ұстанымы етіп, нысанды киіміне кір келтірмей, асқақ мұраттарға абыройлы қызмет етуді көздейді.

«Мен мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған жылы жарық дүние есігін ашқанымды мақтаныш санаймын. «Армансыз адам - қанатсыз құспен тең» демекші, менің бала кездегі арманым орындалды, мен полиция қызметкері атандым, өз елімнің тыныштығын қорғап жүрмін. Болашақта Қазақстанның берік қалқаны болатыныма сенемін», - дейді өз мамандығын жақсы көретін және болашақта офицер болуды армандайтын Руслан.

Соңғы жаңалықтар