Тәртіп сақшыларының тірлігі теңге жинау ма - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

 Ең алдымен еңбек мерекесі емес пе еді? - «Оңтүстік Қазақстан» газеті
null 

«Наурызды осы біз қалай тойлап жүрміз?»... Рас, баспасөз жүзінде жылда көтерілетін мәселе. Биылғы Наурыз қарсаңында да «Оңтүстік Қазақстан» газеті осы мәселеге айналып соққан. Газет бұл ретте алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсыновтың пікірін алға тартады: «...Бұрынғы кезде һәр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш бәрі де мәз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді».

Жазуынша, күн мен түн теңелетін мейрамның бүгінгі сырт көрінісі де бұрынғыдан бөлектеу. Ата-баба дәстүрін дәріптеу үшін түрлі-түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, үлкен қалаларға ауыл-ауылдардан киіз үйлер алдыртылады. Әр өңір шама-шарқы жеткенше көрмелер, жәрмеңкелер мен түрлі бәсекелер өткізеді. Алайда, Наурызды ел болып тойлауға емес, тамашалауға келетіндердің қатары артып бара жатқанына налитындар да бар екен. Соның бірі этнограф Аюбай Құралов. Ол: «Бұрын қыстан қысылып шыққан ел-жұрт жайлауға көшкенде алдымен арық-атыздарды, сай-салаларды, қора-қопсыны тазалап, үй әктеп, ауыл болып ағаш отырғызған екен. Заманға сай мерекенің сипаты өзгергенмен, оның астары, мән-мағынасы жоғалмауы керек. Қазақ халқы наурыз айын «Жыл басы» деп әспеттеп қана қоймай, жаңа жылды тынымсыз еңбекпен, тазаланудан бастаған. Ұл-қызының қызықшылығын да көппен өткізу үшін көктемге қалдырған. Осындай өскелең ұрпақты ауызбіршілікке, ынтымаққа, еңбекқорлыққа, тазалыққа баулитын мерекені сахналық көріністер мен түрлі акциялардың шеңберінен шығара алмай жүрміз».

Өте орынды пікір. Бірақ осындай пікірлерді қорытып, Наурызды тойлау тұжырымдамасын жасауға әлі де шамамыздың жетпей жүргені тағы бар. Мақалада «Наурызды көпшілікке көрсететін емес, халықтың өзі тойлайтын мерекеге айналдыру ккеректігі» айтылады. Пікір айтушылар ұлттық мейрамның кемшіліктері жиі-жиі жазылып жүргенімен, өкінішке қарай, сол ағаттықтар әлі де толық түзетілмегенін алға тартады.

Тәртіп сақшыларының тірлігі теңге жинау ма? - «Aq jol» газеті

null 

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ішкі істер органдарындағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің жиілеп кеткендігі қатаң сынға алыпты. Әкім қатысқан жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстағы департамент бастығы Мұрат Қарымсақов тәртіп сақшыларының пара алуға келгенде алдына жан салмайтынын жасырмаған. Мәселен, ол өңірдегі мамандандырылған күзет басқармасының орта деңгейдегі басшыларының ақша жинаумен ашық түрде айналысып жатқанын айтқан. Ал облыс прокуроры Ибраһим Иманов болса полиция қызметкерлерінің әрекетіне көңіл толмайтынын жеткізіп, мүмкіндігінше «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің алдын алу қажеттігін ескертіпті.

«Жиында полиция қызметкерлерінің жемқорлыққа жол беруін болдырмаудың нақты ұсыныстары айтылды. Мәселен, басшылар тарапынан ақша бопсалау, қысым көрсету сынды оқиғаларды анықтау мақсатында ішкі істер органдарының қызметкерлері арасында жасырын сауалнама алынбақшы. Сондай-ақ тәртіп сақшыларының ауысым бойынша есеп беруі мен кадр іріктеу шараларына қоғамдық ұйымдар мен жергілікті билік өкілдерін қатыстыру ұсынылды» деп жазады «Aq jol» газеті.

 

Ұлтымыздың ұлы ұстазын ресей ғалымдары зерттеп жүр - «Орал өңірі» газеті

null 

«Орал өңірі» газетінің жазуынша, орынборлық  ғалым Татьяна  Тугайдың  «Ахмет  Байтұрсыновтың  орынборлық  жолы» атты  кітабы жарыққа шыққан.

«Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Татьяна Тугай сол өңірдегі орыс зиялы қауымының өткен ғасырдың басындағы еңбегі мен шығармашылық ізденісін зерттеу барысында қазақтың біртуар ұлы Ахмет Байтұрсыновтың есімін құжаттардан жиі ұшырастырғанын айтты. Нәтижесінде оның жан дүниесінде атақты ағартушының өмірі мен қызметіне қызығушылық оянған. Оған А. Байтұрсыновтың Орынбордың орыс-қазақ мектебінде оқығандығы, осы қалада «Қазақ» газетін шығаруға қатысқандығы, Қазақстанның алғашқы астанасы - Орынбордағы қазақтың тұңғыш үкіметінің құрамында жұмыс істеп, ұлты үшін ұлан-ғайыр іс тындырғаны ұнаған» деп жазады «Орал өңірі».

 Сонымен қатар ресейлік ғалым қазақтың тағы бір тамаша ұлы Міржақып Дулатовтың сол қаладағы еңбегі және Ахмет Байтұрсынов екеуінің достығы мен ынтымағы жайына да тоқталған.

 

 Асық ойнаған азбайды - «Сыр бойы» газеті

null 

«Сыр бойы» газеті былай деп жазады: «Қыз Жібек» фильмінде Сырлы­байдың немерелерімен «ханта­лапай» ойнап отыратын эпизоды бар. Бұл қазақ халқының дәстүрінен алынған. Асықты үлкен де, кіші де ойнай береді. Қысты күндері немерелерінің көңілін қимаған қариялар да, делебесі қозған әкелер де үй ішінде жанұясымен бірігіп, асық ойнайтын сәттері болған. Ойнаған адамға ерекше қуаныш сыйлайтын асық ойыны жас талғамайтындығымен ерекше­ленеді. Бұл ойынның тағы бір айырмашылығы жастарға қосы­лып ойынның қызығына берілген шалдарды көрген адам оны ешуақытта ерсі қылыққа жатқызбайды. Ойнаған адамды да, тамашалаған адамды да тек өзінің мейіріміне бөлейтін бұл ойын сан ғасырлардан бері қазақ халқымен бірге жасасып келе жатыр».

Мақала авторының жазуынша, асық ойынының баланың санасы мен ойын жетілдіруге, ширауға әрі мергендікке баулуға септігін тигізеді. Айтуынша, бұл ойын әсіресе қазіргі кезде қала жастарына аса қажет дүниелердің бірі екен. Бұл өте түсінікті жайт.

«Қазіргі кезде асық ойнау еріккеннің ермегі емес, керегіңе жарата алсаң, балалардың назарын бір сәтке болса да ойынға бұратындай қазақтың оң жамбасына келетін оңтайлы тәсіл болғалы тұр. Тек бұл ойынды көптеп-көмектеп қолға алуымыз керек. Бір уақыт болса да, баланың назарын ұлттық ойынға аударса, өз ұлтының мәдениетіне деген қызығушылығын да оятар едік» деп жазады автор.

Ұлттық дәстүр ұмыт қала ма? - «Жетісу» газеті

Алматы облыстық газеті ұлт бойындағы кейбір дәстүрлердің тек қариялар аузында жүргенін жазады. Ғасыр жасаған 13 құрсақ көтеріп, 33 немере, 38 шөбере сүйген кейуана Айман Ошақбаева да осы мәселені тілшігі баяндапты.

«Мәселен, ерулік беру, бесікке бөлеу, асар сияқты дәстүрлеріміз бен ғұрыптарымыз бірте-бірте тозығы жеткен дүниедей ысырылып барады. Тіпті, бұрынғы қазақ халқының әдет-ғұрпындағы мақтанышпен айтылатын, басқалардан бізді оқ бойы даралап тұратын қонақжайлылықтың мән-мағынасы өзгеріп, басқаша сипат алуда» деп жазады «Жетісу».

Әжейдің айтуынша, өткен ғасырда қыз баласы 7-ге толғанда болашақ енесі басына үкі тағып кететін көрінеді. Қызығы, әжейдің өзі бала күнінде өзінен 15 жас үлкен жігітпен атастырылған екен. Кейін ақыл тоқтатқан шағында ұзатылып, ақ босаға аттаған. «Осыдан жаман болған жоқпын» - дейді апамыз.

Мақалада ол кездегі сыңсу секілді дәстүрлердің мәні ашылып, қазіргі қыз ұзатудағы олқылықтар сыналады. «...ұлттық құндылықтармен қазіргі қыз-келіншектер айналысып жатқан жоқ. Бұл дегеніңіз дәстүрдің дәурені өтіп бара жатқанынан хабар беретіндей. Сондықтан бізге көпті көрген, көнекөз Айман әжеміз секілді салттың саясына бойлай білетін адамдардың ақылы аса қажет. Сонда ғана болмысымыз баянды, ғұрпымыз ғұмырлық болмақ».

Якутияда Қазақстан мәдениеті мен әдебиетінің орталығы ашылады - «Атырау»  газеті
null 

Жазуынша, Якутиядағы орталықта ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметі жайлы кітаптар, оның халықаралық аренадағы орны, сонымен қатар қазақ жазушыларының қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі кітаптары қойылады.

«Саха Республикасының (Якутия) Ұлттық кітапханасы Ресейдің солтүстік-шығысындағы ірі орталықтардың бірі. Кітап қоры 1,6 млн. көлемінде. Мұнда негізінен орыс, якут және солтүстіктегі халықтардың тілінде шыққан кітаптар сақталған» деп жазады газет.

Энергетикалық сусын ұлттық сусынға айналып барады - «Не хабар?!» газеті

null 

 Энергетикалық сусындарды пайдаланатындар саны қазір күн санап артып келеді. Бірақ оның зиянын білетіндер шамалы секілді. Осыған байланысты газет мамандар пікіріне ден қоя отырып, оқырманға зияны шаш-етектен сусын туралы әңгімелейді. «Мұндай сусындар құрамында есірткіге ұқсас заттар болады. Бұл орталық жүйке жүйесінің бұзылуына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар,  қан қысымының немесе қан құрамындағы қант деңгейінің көтерілуіне әкеліп соқтырады. Басқа да ынталандырушылар секілді энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүйке жүйесін әлсіретіп,  оның әсері ұзақ уақыт сақталады екен. Ал, кофеинге адамның тез әуестенуі бұрыннан дәлелденген дүние».

Жазуынша, энергетикалық сусынды шығарушылар оның артықшылықтарын  айтудан жалыққан емес. Тек зиянды жағын айтуға асықпайды. Дабыл қағып жатқан дәрігерлер баршылық екен. Мысалы, дәрігерлер бұл сусындардың қорқыныш, ұйқысыздық, үрейлену, ашуланшақтық, жүректің қатты соғысы сынды кеселдердің тууына себепкер болатынын айтады.

«Осы энергетикалық сусындардың адам өліміне әкеліп соқтырған алғашқы дерегі 2009 жылдың қазанында тіркелген екен. Ресейдің Пенза қаласында студент сусынды шектен тыс пайдаланғанның кесірінен көз жұмған. Осындай себеп-салдарын білген шетел мемлекеттері тыйым салған. Бір қызығы біздің елде де тыйым салыныпты. Бірақ, қағаз жүзінде ғана. Нақты айтсақ, Қазақстанның бас санитарлық дәрігерінің 2013 жылдың 19 тамыздағы «Сергітетін компоненттері бар сусындарды сатуға тыйым салу туралы» қаулысымен орта және арнаулы орта білім беретін, жоғары оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, жасөспірімдер мен жастар көп жиналатын жерлерде мәдени-көпшілік шараларда мұндай сусындарды сатуға шектеу қойылған. Бірақ, мұны ескеріп жатқан кім бар?».

  

Қоңыр әулие үңгірі - «Сарыарқа самалы» газеті
null 

«Қоңыр әулие» үңгірі Баянауыл ауылынан батысқа қарай 12 шақырым, Жасыбай көлінен батысқа қарай 4,5 шақырым қашықтықтағы Баянауыл тауларындағы биік шыңның жоғары жағында орналасқан. Бұл - құздағы тарылып, ұзартылған екі камерадан тұратын табиғи үңгір. Жазба деректерге қарағанда «Қоңыр әулие» үңгірі XVIII ғасырдан бастап зиярат етудің орны болған екен. Бұл орынға киелі орын ретінде табыну Сарыарқа тайпаларының әртүрлі діни тәжірибелерінің араласуы нәтижесінде пайда болуы мүмкін.

Мақалада «Қоңыр әулие» үңгіріне қатысты қызықты деректер, аңыздар мен зерттеулерге орын берген. «Сарыарқа самалы» газетінің жазуынша, Қазіргі таңда үңгір діни, киелі туризмнің танымал орны болып табылады.

 

null

«Кей адамдар түрлі үміт пен өтінішті арқалай келсе, енді бірі қызығушылықпен келеді. Егер адам ниеттеніп, тілегінің орындалуын қаласа, міндетті түрде іске асады деген наным бар. Ертіс өңірінің тұрғындары мен қонақтарының аталар дәстүрін сақтап, Қоңыр әулиені киелі орын деп қастерлеуі, салт-жоралғы жасап, дұға оқып, зиярат етіп баруы үңгірдің киелілігін көрсетеді».

 

 

Соңғы жаңалықтар