Таршылық пен баршылықты ажырата алмай жүрміз - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

Таразыға жан «бітті» ме? - Дидар газеті

null 

Өткен жолы «Магнумдағы» салмағы жеңіл шұжық мәселесі тұтынушылардың ашуын тудырғаны белгілі. Әлеуметтік желіде тараған осы оқиғадан кейін әйгілі супермаркет өкілі түсінік беруге де тырысқан болатын. Жұрттың наразылығын тудырған бұл жабайы базар емес, кәдімгі жұрт көп бара бастаған сауда желісі. «Базардағы» демекші жабайы саудадағы таразыға қатысты әңгіме бесенеден белгілі. Шығыс қазақстан облыстық «Дидар» газеті де осы әңгімені көтерген екен.

«Жәрмеңкеге барған жұрттың көбісі сатушылардың әрекетіне көңілі толмайтынын айтып жүр. «Таразыдан жеп қояды екен» дейді олар. Өскеменде өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесінде біз осы мәселенің мән-жайын анықтауға тырыстық» деп жазады тілші. «Таразыға «жан» бітті ме?» деп аталатын мақалада газет тілшісі жәрмеңкеге барысымен бірден бақылау таразысын іздеген. Соған қарағанда базардағы мәселе қай өңірге де ортақ болып тұрғаны ғой. Қысқасы журналист базардағы бақылау таразысын таппай дал болған екен. «Олай қараймыз жоқ, бұлай қараймыз жоқ. «Бақылау таразысы» деген баттиған жазу бар. Бойына жан бітпесе, таразының өзі қайда?» деген сұрақты да қояды. Жауап беретін әкімшілерден мардымды жауап та ала алмайды. Ең ақыры жұрт біле жүрсін деген ниеттен болуы керек, жылқы етінен бастап, шортанның бағасына дейін тізіп шығады. Айта кетерлігі, мақалада «таразыға жан бітті ме?» деп бақылау таразысының жоғалып кете беретінін меңзеген екен. Десек те, біз таразының «жоғалып» кетуден басқа «жеп» қоятыны да бар екенін ескерсек, шынымен таразының «жаны» бар шығар...

 

Таршылық пен баршылықты ажырата алмай жүрміз - «Атырау» газеті

null 

«Адамды жоқшылық емес, тоқшылық бұзады». Осы сөз бекер айтылмаған шығар. Абай айтпақшы «тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық» та адам баласын аздырады. «Атырау» газетінің жақындағы санында осы мәселені көтеріпті. Мақалада қазақтың басынан өткен қасаң тағдыр, ашаршылық заманындағы қилы кезең туралы айтылып, бүгінгі тоқшылық заманға тоқталады. Қазіргі қиыншылықтардың ешқайсысы да «отыз екінің ашаршылығының қасында түк емес екеніне» тоқталады.  «Қазіргі қоғам жоқшылықпен емес, тоқшылықпен күресуде.  Мәселен, еліміздегі бес миллион адамның банктерге берешектері бар екен. Ең бір өкініштісі, несиеге алған қаржының 85 пайызы мақсатсыз жұмсалуда. Той-томалақ, қымбат тон мен бағалы ішік, шетелдік көлік, тағы басқаларға жұмсалған ақшаны қалай мақсатты жұмсалған шығын дей аламыз?» деп жазады автор. Той-томалақтан бөлек, өлім-жітімге байланысты мәселе де мақалада қаузалыпты. Өлімдегі қонақасыдан бастап, марқұмның соңғы сапарына аттандыру қаделеріне дейін тоқталып, ондағы дастархан мәзірлеріне де көңіл бұрылып, қоғамның дертті мәселесі ретінде бір-бірінен қалмауға тырысу, бәсекелестік екені айтылады.

Түйіндей келе: «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Той деп шашылды, ас деп шашылды. Ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?» деген болатын. Қазақ сол бір он тоғызыншы ғасырдағы ұлы ағартушы көтерген мәселені әлі шешпеген екен. Оның қашан шешілері де белгісіз» деп жазады автор.

Айтпақшы, мақалада келтірілген мәліметтерге қарағанда, әлемде бір жылда аштық пен дұрыс тамақтанбау кесірінен 10 миллион адам көз жұматын көрінеді. Ысырапқа ұшыраған азық-түлік қажетті жерге жұмсалса, 870 миллион адамды аштықтан құтқаруға болады екен. Осының бәрі ойлантатын мәселе екені де даусыз.

Жетімасар қалашығы - Сыр бойы газеті

null 

«Сыр бойы» газеті әдеттегідей өңірдегі киелі орындар туралы мақалалар легін жариялап келеді. Бұл жолы газет бетінде «Жетімасар қалашығы» туралы қызықты деректер жарияланыпты. Қалашықтың қай заманға тиесілі екені әлі белгісіз тәрізді. Ендеше бұл да алдағы уақытта зерттелуд сұрап тұрған орындардың бірі. Ал жергілікті қария Біләл Махашұлы бұл қалашықтың маңында Дөнен батырдың жерленгенін жеткізген. Дөнен батыр - осы Сыр өңірінде қару ұстап, ел қорғаны болған батырлардың бірі. Жоқшылықтың кермек дәмін татқан батыр өз ағайынының жетім балаларына қамқор болған.

«Не жасасам да осы жетім балалар үшін жасадым» дейтін көрінеді. Бұл жер Қарақалпаққа дейін жалғасып жатқан үлкен күрежолдың бойы болған. Яғни «Шымбай жолы» деп аталып, керуендер жүрген, ат дүбірі толастамаған. Сол кезеңдерде өмір сүрген Дөнен батыр «Мен өмірден өткенде осы күрежолдың бойына жерлеңдер. Ат дүбірін естіп жатайын» деген екен. Міне, сол бойынша батырдың мүрдесі осы Жетімасар қалашығының маңына жерленіпті» деп жазады «Сыр бойы».

 

Ғұмар Қараш қайда жерленген - «Орал өңірі» газеті

null 

Қазақтың алашшыл қайраткерлерінің бірі, ақын Ғұмар Қараштың  бейіті туралы мақала Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде жарияланған екен.  Мақалада келтірілгеніндей, Ғұмар Қараш 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте (қазіргі Жәнібек ауданында) Қырқұдық деген жерде дүниеге келген. Әкеден жастай жетім қалса да, ағайын-туыстар қамқорлығымен әуелі ауыл молласынан оқып, хат танып, сауат ашты. Кейін Ғұмар Жазықұлы, Ысмағұл Қашғари сияқты моллалардан, Жалпақтал қаласында (қазір ауыл) Ғұбайдолла Ғалікеев хазіреттен дәріс алып, сол кісі ұстаған медресені бітірді. Бұдан соң 1902-1910 жылдары өзі туып, өскен ауылында, Тіленшісай, Борсы мекендерінде жәдитше (жаңаша) бала оқытып қана қоймай, елдің саяси-әлеуметтік өміріне белсене атсалысты. Ол, әсіресе,  Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Бақытжан Қаратаев сынды ұлт зиялыларымен бірге 1911-1913 жылдары әуелі Ордада, кейін Оралда «Қазақстан» газетін шығарып, Қазақстан атауын ресми қолданысқа тұңғыш енгізген екен. Ғұмар Қараш сегіз тіл білген ғұлама Ғ. Мұсағалиевпен бірге 1917 жылы қазіргі облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауы саналатын «Ұран» газетін де шығаруға атсалысыпты. Ақын 1921 жылы 12 сәуірде ақтардың қолымен Құнаншапқан  деген  жерде  азаппен  өлтірілген екен.

«Ғұмартанушы-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Мақсат Тәж-Мұраттың айтуынша, Ғұмар Қараштың денесі нақты қай жерде жерленгені анықталмаған. Негізін зерттеуші-ғалым Мұстафа Ысмағұлов жасаған жазбаша деректерде (соның ішінде Қазақ кеңес энциклопедиясында да) «ақын зираты Жәнібек ауданының аумағындағы Құнаншапқанда» деп көрсетілген. Ғұмар Қараштың денесі Қазталов ауданы Қараоба ауылынан батысқа қарай отыз, Құнаншапқаннан он шақырым жердегі Қазталов ауданына қарасты Айдарлыға жерленген деген де сөздер бар. Тағы бір болжам - ақын денесінің кіндік қаны тамған Борсыдағы Қырқұдық мекеніндегі ескі қорымда жатқандығы туралы» деп жазады «Орал өңірі» газеті.

Он екі тілді меңгерген қария - «Не хабар?!» газеті

null 

«Не хабар?!» газетінің жазуынша, жасы 81-ге келген Сұлтанмахмұт қажы Рахманқұл Бақты ауылында тұрады екен. Ақсақал «Ислам тағылымы», «Сезімнің сергек кездері», «Ұлттық санамыздың өзгеріске түспеген негіздері», «Ер Шыңғожа» атты кітаптардың авторы. «Кітап демекші, кітаптың саны  бұл үйде 1100-ге дейін жеткен. Тең-тең қылып кітаптар жинап, солардан өзіне қажетті құнды деректерді жиыстырып, білім алған ақсақал кирилл әрпін өз бетінше оқып танысқан. Қазір шежіре қарт 12 тілде жазу таниды. Олардың қатарында  араб, шағатай, татар, башқұрт, өзбек, ұйғыр, орыс т.б. тілдер бар».

 

Жәнібектің домбырасы Арқадан табылды  - Орталық Қазақстан газеті

null 

«Алаш ән өнерінің алыбы, аяулы Жәнібек Кәрменовтің атақты қалақ домбырасы Арқадан табылды, ағайын!» деп жар салып, сүйінші сұрайды «Орталық Қазақстан» газеті. Әйгілі әншінің қолынан қалған жәдігерді газет редакциясына құнды домбыраның қазіргі иесі Шалқарбек Әубәкір өзі әкеп таныстырған екен. Мақалада Жәнібек домбырасының тарихы туралы айтылып, оның қолдан-қолға қалай өткені қызықты әңгімеленеді.

Төреқұловты тани білу керек - «Шымкент келбеті» газеті

null 

Биыл көрнекті қоғам қайраткері, дипломат Нәзір Төреқұловтың туғанына 125 жыл. Осыған орай «Шымкент келбеті» газеті арнайы мақала жариялапты. «Төреқұлов Совет үкіметі кезеңінде саяси тұрғыда ақталған жоқ. Сондықтан оның ұлт үшін жасаған ерен еңбектері еліміз тәуелсіздік алғанға дейін зерттелмей, көлеңкеде қалып қойды» деп жазады мақала авторы. Онда ұлт қайраткері туралы бірқатар деректер келтіріледі. «Алаш азаматы сегіз тілді меңгерген, сегіз жыл елшілікте тапжылмай қызмет еткен бірден-бір тұлға, ол түрлі елдердің тарихы, мәдениеті, экономикасы, өнерін жетік білген. Оны қай тақырыпқа салса да жүйрік болған. Ізденімпаз, білімпаз, еңбекқорлығымен қатар, өзінің көзі жетіп, көңілі сенген мәселелерді іске асыруда тартынбаған, қиындықтан қорықпайтын кемел қасиеттерімен ерекшеленген...».

Жазуынша, өткен ғасырдың 20 жылдары қазақ тіліндегі латын графикасы негізінде әліпби жүйесін алғаш түзген дарынды дипломат Нәзір Төреқұлов болды. Ол 1924 жылы Мәскеу қаласында «Жаңа әліпби туралы» өзінің жаңа жобасын ұсынады. Жобада 28 әріпке 28 дыбыс арналған. Осыдан кейін Төреқұлов жасаған қазақтың жаңа әліпбиі қолданысқа енген екен. Нәзір Төреқұлов 1928-1936 жылдар аралығында елшілік қызметте болды. Полиглот-азамат араб тілін білмесе де небәрі 36 жасында Хиджаздағы (Сауд Арабия) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалады. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломатиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін.

«Нәзірдің арқасында Кеңес Одағы араб және мұсылман елдеріне танымал болады. Сауд Арабия мемлекетінің негізін қалаушы Абдель-Азиз аль-Саудпен және оның ұлы әмір Файсалмен өте тығыз байланыс орнатып, достық қарым-қатынасы арта түседі».

«Кеңес Одағының басшылары Н. Төреқұловты Сауад Арабиясына елші етіп тағайындау арқылы оның әлемдік тұлғаға айналуына жол ашқанын өздері де байқамай қалады. Сол кезеңде ол әлемдегі ең беделді, абыройлы, дипломатия басшыларымен, елшілік қызметінің көрнекті қайраткерлерімен тіл табысып, қоян-қолтық араласып кетуі, олардың құрметіне бөленуі, шетелдік елшіліктер корпусының жетекшісі биігіне көтерілуі кеңестік большевиктік үкіметке ұнаған жоқ. Нәтижесінде ішінара түркі халықтары үшін жасап жатқан жемісті елшілік қызметін шұғыл үздіртіп, Кеңес Одағына қайта шақыртып алады. 1936 жылы Түркия мемлекетінің мүддесі үшін астыртын жұмыс жүргізген деп жалған айып тағып, 1937 жылдың 3 қарашасында «халық жауы» ретінде атылды» деп жазады «Шымкент келбеті».
null

Мақалада алаш азаматының қазақ халқы үшін жасаған еңбектері әлі күнге дейін толық зерттелмегені айтылып, бұның себебін Нәзір Төреқұловтың сыртта қызмет еткендіктен ол жайлы құнды деректер Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы секілді елдердің мұрағатында сақталғандығымен түсіндіреді.

 

Соңғы жаңалықтар