Тарихшы Ильбер Ортайлының Түркі әлемінің мәселелеріне арналған конференциясы өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 26 сәуірінде Астанадағы Назарбаев Университетінде белгілі ғалым, тарихшы, түрколог, профессор Ильбер Ортайлының қатысуымен «Түркі әлемі және түркологияның мәселелері» тақырыбында конференция өтеді. Шараны Юнус Емре түрік мәдени орталығы ұйымдастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ильбер Ортайлы - түрколог, тарихшы ғалым, Ресей Ғылым Академиясы шығыстану институтының құрметті профессоры, Халықаралық Османлы зерттеулер комитетінің, Еуропадағы Иран зерттеулері қоғамының, Австрия-Түркия ғылыми форумының, Босния-Герцоговина, Македония мен Черногория ғылым және өнер академиясының мүшесі.

Астанадағы конференцияның мақсаты қазіргі таңдағы түркология мәселелеріне шолу, өзекті мәселелерді анықтап, бауырлас екі ел арасындағы ғылыми академиялық байланыстарды, сонымен қатар Түркі әлеміне қатысты ортақ құндылықтарды насихаттау болып табылады. Бұл ретте ғалым Ильбер Ортайлы Түркияның тарихын терең зерттеумен қатар қалың көпшіліктің назарын Түркияның тарихына аудартып, жастардың тарихқа қызығушылықтарын арттыруда үлкен еңбек атқарған тұлға ретінде танымал.

Шараға қазақстандық зиялы қауым өкілдері ғалымдар мен түркологтар, осы сала бойынша білім алатын студенттер, сондай-ақ бауырлас Түркия Түркия келетін бір топ ғалымдар қатысатын болады.

Конференция 26 сәуірде Астанада, 27 сәуірде Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Алматы қаласында өткізіледі.

Тарихшы профессор Ильбер Ортайлы Австрияның Брегенц қаласында Қырым татары жанұясында дүниеге келген. Екі жасында әке-шешесі Түркияға көшкен. Бастауыш және орта мектепті Ыстанбұлдағы Австрия лицейінде оқыған. 1965 жылы Анкарадағы Ататүрік лицейін бітірген. 1970 жылы Анкара университетінің Тіл және тарих-география факультетінің тарих бөлімін бітірді. Университетте Шериф Мардин, Халил Иналджык, Мүмтаз Сойсал, Илхан Текелі, Мүбеджел Кырай сияқты танымал ұстаздардың студенті болды.

Вена университетінде славян және Шығыс Еуропа тілдерін меңгерді. Чикаго университетінде әлем дейгейінде танымал тарихшы Халил Иналджыктың жетекшілігімен бітірді. 1974 жылы Анкара университеті саяси білімдер саласында «Танзиматтан кейінгі жергілікті басқару орындары» атты докторлық диссертациясын қорғап шықты. «Османлы императорлығы кезіндегі немістердің ықпалы» атты ғылыми еңбегімен 1979 жылы доценттік атаққа ие болды.

1982 жылы университеттердегі қызметінен өз еркімен кетті. Осы кезеңде ол Вена, Кембридж, Берлин, Йерусалим, Оксфорд Париж, Принстон, Мәскеу, Рим, Мюнхен, Страсбург, Йания, София, Киль және Тунисте дәрістер, семинарлар мен конференциялар өткізді.

1989 жылы Түркияға оралып профессор атағына ие болды. 1989-2002 жылдары аралығында Анкара университеті саяси ғылымдар факультетінің басқару тарихы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет етті. 2002 жылы ол Галатасарай университетінде, екі жылдан кейін Билкент университетінде қонақ оқытушы ретінде қызмет істеді. Қазіргі уақытта Галатасарай университетінің заң факультеті мен Билкент университетінің заң факультетінде сабақ береді. Галатасарай университеті Сенатының мүшесі. Ұлттық және шетел ғылыми журналдары 16-шы және 19-шы ғасырлардағы Османлы тарихы мен Ресей тарихы туралы мақалаларын жариялады. 2005-2012 жылдары аралығында Топкапы Сарайының директоры қызметін атқарды.

Ортайлы ағылшын, неміс, орыс, француз, парсы және латын тілдерін меңгерген. Ол 2017 жылы 29 қазандағы Республика күні қарсаңында болатын Президенттік қабылдауда тарихи саладағы Президенттік мәдениет және өнер Гран-при сыйлығына ие болды.

Соңғы жаңалықтар