Тараздықтар латын қарпімен диктант жазды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараз қаласының мемлекеттік қызметкерлері мен оқушылары өздерінің латын қарпімен диктант жазудағы сауаттылықтарын сынап көрді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Облыстық тілдер басқармасы атап өткендей, аталмыш іс-шара Тәуелсіздік мерекесіне орай, сонымен бірге латын әліпбиін іс жүзінде қолдануға  дағдылану  мақсатында ұйымдастырылған.

Тақырыбы «Латын графикасы - тіліміздің жаңа қозғаушы күші» аталған диктантқа облыс әкімдігіндегі басқарма қызметкерлері, жергілікті бөлімдердің мамандары, Тараздағы бірнеше мектептің оқушылары қатысты.

«Сондай қиын болды деп айта алмаймын. Қазақ тілі туралы, елдің тарихы, аталы сөздер мен мақал-мәтелдер қамтылған диктант жаздық. Әлеуметтік желіде әңгімелесетін жастар онсыз да қазір латын қаріптерін еркін қолданып жүр», - дейді Жамбылдағы №7-ші мектеп-гимназиясының оқушысы Айсұлу Бағбанова.

Тілдер басқармасының мамандары айтқандай, диктантты ең сауатты жазғандарға сыйлықтар табысталмақ. Қазақ әліпбиінің латынға өтуін насихаттау мақсатында алдағы уақытта облыста бірқатар іс-шаралар реті жоспарланған.  

Еске сала кетейік, 2017 жылдың 26 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін кирилл әліпбиінен латынға ауыстыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Биылғы жылдың 23 маусымында елордада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:  "Мен өзімнің Жолдауымда бұл мәселеде «2025 жылға дейін» деп меже  қойған болатынмын. Бірақ та оны соза берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің ғалымдарымыз тиісті әріптің бізге керек үлгілерін түрік және басқа латын әрпіне көшкен Әзербайжан, Өзбекстан үлгілеріне қарап отырып, кемшіліктерін ескере отырып, бізге керекті әліппені таңдап алуы керек. Меніңше, қиындығы жоқ. Себебі, 1 сыныптан бастап барлық балаларымыз ағылшын тілінде оқиды. Барлық мектептерде ағылшын тілі оқытылады. Оларда латын әрпі қолданылады.  Өсіп келе жатқан ұрпаққа оның ешқандай қиындығы жоқ. Бізге де онша қиыншылығы жоқ деп ойлаймын. Кейбір ағайындардың біздің шығармаларымыз не болады деп  қынжылатыны бар. Қазіргі интернет заманында ешқандай проблема жоқ", - деген болатын.

Соңғы жаңалықтар