Тараздық студент қазақ күресінен ел чемпионы атанды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының 2-курс студенті Әлихан Ақберді қазақ күресінен жастар арасында «Тайқазан» жүлдесі үшін өткен жарыста алтын медальға ие болды. Бұл туралы қазАқпарат ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жалауын көтерген дүбірлі додаға еліміздің барлық өңірінен келген 156 балуан қатысып, бақтарын сынады. Жалпыкомандалық есепте Жамбыл облысының жампоздарына тең келер балуандар табылмады.

100 келі салмақ дәрежесінде белдескен Әлихан Ақберді жарыс жолында Алматы қаласы мен Жамбыл облысының балуандарымен күш сынасты. Финалда Ә. Ақберді жерлесі Н. Жұмаханнан басым түсіп, мерейі үстем болды.

«Әлихан ұлттық спорт түрімен төрт жылдан бері айналысады. Бүгінде қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Ол бұған дейін бірнеше додаларда жеңіс тұғырынан көрінді. Алдағы уақытта да талай қарсыласын шаң қаптыратынына сенімдімін. Өйткені, ол өте еңбекқор және төзімді. Аталмыш қасиеттер спортта көп жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік береді», - дейді бапкері Мақсат Ізтілеуов.

Әлихан Ақберді бұған дейін қазақ күресінен республикалық «Жас барыс» турнирінде 2-орын, Ғ. Сапарғалиевті еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнирде 3-орын және республикалық «Айбын» әскери патриоттық жастар жиынында күміс медальды қанжығасына байлаған. Жасөспірімдер арасындағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

Соңғы жаңалықтар