Тараздағы оқу орнында Педагогикалық шеберлік орталығы ашылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Педагогикалық шеберлік орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  ТарМПИ-дың Ақпараттық-имидждік қызметіне сілтеме жасап.

Мұнда мектеп оқушылары мен болашақ педагогтарға инновациялық технологияларды зерделеуге арналған сабақтар мен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Институт ректоры Дария Қожамжарова осы тақілеттес орталық аймақтағы жоғары оқу орындарының ішінде тұңғыш рет ТарМПИ-да ашылып отырғанын айтты.

«Педагог  өз пәнін терең меңгерген, ғылым мен өнердің тиісті салаларынан хабардар, оқыту мен тәрбиенің әдістемесін жетік игерген маман болуы керек. XXI ғасыр -  қатаң бәсеке ғасыры. Бүгінде әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің жаңашыл ұстаздардың қолына тапсырылып отыр. Білікті ұстаз дайындау  мемлекет дамуын қамтамасыз ететін негізгі ресурс екендігін баса айтқым келеді. Шебер педагог білімді, тәжірибесі мол, жан-жақты бола отырып, оқушыларды жеке тұлға етіп қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиені ұштастыра алуы қажет. Орталық осы міндеттерді негізге ала отырып қызмет етеді»,  деді Дария Қожамжарова.

Мұнда ғылыми-зерттеу жұмыстары, оқу-әдістемелік жұмыстары және тәжірибе-эксперименттік жұмыстары бағыттары бойынша жұмыс атқарылмақ. Педагогикалық шеберлік орталығы Жалпы педагогика және психология кафедрасының ұйытқы болуымен ашылып отыр.

«Мақсатымыз  Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру сапасы деңгейін көтерудегі озық инновациялық тәжірибелерін үйрену және насихаттау арқылы Жамбыл облысындағы жалпы орта білім беретін мектептердің оқушылары мен институт студенттерінің функционалды сауаттылығын арттыру. Сонымен қатар, 12 жылдық білім беру жүйесіне ендіру бойынша соңғы технологияларды тиімді пайдалануды қарастыратын әдістемелік көмекші құралдар дайындау, педагогикалық семинар, дөңгелек үстелдер, әдістемелік тренингтер ұйымдастыру да көзделіп отыр»,  деп атап өтті Жалпы педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Клара Бұзаубақова.

Соңғы жаңалықтар