Тараздағы кәсіпорын жылына 300 мың аяқ киім шығаруды жоспарлап отыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тараз қаласындағы «ТаразКожОбувь» ЖШС биыл жылы 160 мың аяқ киім өндіріп, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 300 мыңға дейін арттыруды көздеп отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Айта кетсек, Астанада бүгін тау-кен металлургиялық саладағы 70-тен аса отандық жеткізуші компанияның басын қосып отырған дәстүрлі «Қазақстандық өнім жасаймыз» форумы өтіп жатыр. Іс-шара ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Kazakhmys Holding» ЖШС, «Еуразиялық Топ» ЖШС, «KazZinc» ЖШС, KAZ Minerals Тобы және «Қазақалтын» ТКМК» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылған. Биылғы форумға 600-ден аса делегат қатысты. Іргелі компаниялардың қатарында «ТаразКожОбувь» ЖШС-сы да бар.
null 

«Біздің кәсіпорынның 50 жылдық тарихы бар. Кеңестік кезеңнен кейін барлық кәсіпорындардың қаңырап қалғанын білесіздер. 2002 жылы біз кәсіпорынды сатып алып жұмыс жүргізе бастадық. Ол кезде 55 мың шаршы метрлік, 19 гектарлық аумағы бар кәсіпорында 50-ден астам адам жұмыс істеген болатын. Құрылғылардың барлығы ескіріп, кәсіпорынды жандандыру қажеттілігі туындады. 2009 жылы Германиядан жаңа құрылғыларды жеткізіп, былғары шығару үшін тағы бірнеше озық технологияларды кәсіпорынға енгізе бастадық. Бүгінгі таңда толық қуатты жұмыс қызып келеді. Кәсіпорындағы жұмысшылардың саны 350-ге жетті», - дейді кәсіпорынның бас директорының орынбасары Шамухтар Шаюнусов.

Компания өкілінің айтуынша, кәсіпорын өткен жылы 135 мың аяқ киім өндірген.

«Біз Қазақстанның барлық нарығына шығып келеміз. Жұмысшылардың, әскерилердің аяқ киімі кәсіпорынымызда өндіріледі. Бүгінгі таңда Павлодар, Семей, Қарағанды, Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында сауда нүктелеріміз бар. Мемлекеттік тапсырыс аясында да жұмыс қарқынды. Төтенше жағдайлар департаменттерінен, теміржолшылардан жыл сайын тапсырыс келіп түседі. Неге десеңіз, өніміміздің сапасы жоғары. Жақында Қырғызстан нарығына ене бастадық. Біздің артықшылығымыз - кәсіпорын өндірістің толық циклын бағындырған. Демек, шикізат ретінде біз сиырдың терісін халықтан сатып аламыз да, оны өңдеу арқылы аяқ киім тігеміз», - дейді Шамухтар Шаюнусов.
null 

Келесі жылдан бастап кәсіпорын сауда нүктелерінде сатылатын аяқ киімдердің санын арттыруды көздеп отыр.

«Жақын жылдары жылына 300мың аяқ киім өндіру жоспарда бар. Бастысы сұраныс болса болды, өндіру жағынанбізде ешқандай мәселе жоқ», - дейді Шамухтар Шаюнусов.

Соңғы жаңалықтар