Тараздағы дәмханада болған атысқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желіде облыс орталығындағы төбелес және атыс оқиғасы қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жамбыл облыстық ІІД өкілдері «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің сауалына жауап берді: «2018 жылғы 16 наурыз күні 20:50-де Тараз қаласы ішкі істер басқармасына дәмханалардың бірінде клиенттер төбелес шығарғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына жеткен патрульдық экипаж күзет агенттігінің қызметкерлері мен дәмхананың ақысын төлеуден жалтарған клиенттер арасында төбелес болғанын анықтады. Күзетшілердің бірі екі клиенттің аяғына қарудан оқ атып, жаралаған. Оқиға салдарынан төрт адам ауруханаға жеткізілді».

Полиция осы факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР КҚ 239-бабының («Бұзақылық») 2-бөлігімен тіркелді. Төбелес қатысушыларының түсініктемелеріне байланысты ҚР ҚК 252-бабының («Жекеше күзет қызметтерi қызметшiлерiнiң өкiлеттiктерiн асыра пайдалануы») 2-бөлігі («Қару немесе арнайы құралдар қолданып жасалған немесе ауыр зардаптар келтiрген дәл сол іс-әрекет») бойынша да іс қозғалды.

Бірнеше сараптама белгіленді, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Еске сала кетейік, жұма күні, кешкі ондар шамасында №1 қалалық ауруханаға «жедел жәрдем» оқ тиіп жараланған жігітті жеткізген. Жарты сағат өтер-өтпесте дәл осындай жарақатпен тағы бір ер адам әкелінді.

Тараз №1 қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ербол Ордабеков «Қалай жараланғанын екеуі де айтқан жоқ. Біреуі бесінші ықшам ауданда, екіншісі жетінші ықшам ауданда белгісіз бірлеулердің оғынан жараланғанын ғана айтты», - деген болатын.

Иллюстрациялық фото

Соңғы жаңалықтар