Тараздағы бірқатар тұтынушылар биылғы жазда ыстық сумен қамтамасыз етілмек

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Облыс орталығында жылу маусымының аяқталуына байланысты жылу беруші ұйымдар ыстық суды да өшірмекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

ҚР санитарлық нормалары бойынша, жылу беру сыртқы ауа температурасы+8 градус Цельсий болғанда өшіріледі. Биыл Жамбыл облысында жылу маусымы 31 наурыздан 1 сәуірге қараған түні сағат 00.00-де аяқталды.

«Таразтрансэнерго» МҚК директоры Ерік Көшербаевтың айтуынша, облыс орталығындағы коммуналдық кәсіпорындар жоспарлы жөндеу жұмыстары салдарынан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға ыстық су беруді тоқтатады.

«Ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 16-29 сәуірде жылу желілерін гидротехникалық сынақтан өткізу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тараз қаласының көп бөлігіндегі тұтынушыларға ыстық су 30 сәуірден 16 маусымға дейін беріледі. Бұл «Тараз энергоорталығы» АҚ қызмет көрсететін үйлерге ғана қатысты. «Жамбыл-Жылу» МҚК тұтынушылары 30 сәуірден 29 қыркүйекке дейін ыстық су пайдаланатын болады», - деп хабарлады Ерік Көшербаев.

Облыс орталығында «Тараз энергоорталығы» АҚ 705 көппәтерлі тұрғын үйге, «Жамбыл-Жылу» МҚК - 83, «Теміржол-Жылу» МҚК - 19 көппәтерлі тұрғын үйге қызмет көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар