Таразда жылумен жабдықтау мекемесі 2 млрд теңгеге сатылады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында «Таразэнергоорталық» АҚ (ТЭО) төртінші рет тендерге шығарылмақ, - деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Таразэнергоорталық» АҚ Тараз қаласына басты жылу мен ыстық судың жеткізуші, бұл ұйым облыс орталығындағы көп қабатты тұрғын үйлердің 70%-ын жылумен қамтамасыз етеді.

«Таразэнергоорталық» АҚ акцияларының 100%-дық мемлекеттік пакеті келесіде сатып алу құқығымен 10 жылға сенімді басқаруға беру бойынша тендерге қойылады. Бастапқы құны - 1 963 750 000 теңге, кепілдік жарнасы - 294 562 500 теңге. Жамбыл облыстық қаржы басқармасы келесіде сатып алу құқығымен сенімді басқаруға беру бойынша электронды тендер өткізілетіні туралы хабарлайды», - делінген сайтта.

Тендер шарттарына орай, 2027 жылға дейін «Таразэнергоорталық» АҚ күрделі жөнделіп, ТЭО-4 кеңейтілуі, электр және жылу энергиясын шығару режимінде жұмыс істейтін түрлендіру қуаттары жаңартылуы тиіс. Күрделі жөндеу қолданыстағы орталықтанған жылумен қамту жүйесін сақтай отырып, қуатты жаңа қондырғыларды орнатудың есебінен электр энергиясын өндіруді арттыруға, қолданыстағы өндіріс алаңдарын барынша тиімді пайдалануға қол жеткізу мақсатында өткізіледі.

Жамбыл облыстық қаржы басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбековтің айтуынша, «Таразэнергоорталық» АҚ бұған дейін үш рет тендерге шығарылған.

«Облыстық кеңес беру-диагностика орталығы, «Таза қала Қаратау» ЖШС және «Айша Бибі» су полосы клубы екі реттен тендерге қойылған. Тендерде өтпей қалған ұйымдар қайта қойылады», - деді ол.

Облыстық қаржы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, өңірде жалпы 37 коммуналдық меншік ұйымы жекешелендірілуі тиіс болған. Соның ішінде екі серіктестік таратылды, 10 ұйым сенімді басқаруға берілді. Олардың ішінде: «Болашақ» және «Рауан» балалар сауықтыру орталықтары, Тараздағы екі тұрғын үй коммуналдық шаруашылық кәсіпорны, үш қалалық емхана, облыстық стоматология, офтальмологиялық орталық, терівендиспансер бар.

Қазіргі кезде 1,9 млрд теңгеге төрт ұйым, соның ішінде «ТаразҚұрылысПроект» ЖШС, №1 және №4 қалалық емханалар және «Орталық диспетчерлік қызмет» сатылған.

Соңғы жаңалықтар