Таразда Мұратхан Тоқмәдиге қатысты сот отырысы басталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Бүгін Таразда ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі, бизнесмен Мұратхан Тоқмәдиге байланысты сот процесі басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Көлемі 79 том болатын Қылмыстық істі судья Азамат Тілепов қарайды. Алдын ала тыңдалымда  процеске алқабилердің қатысу-қатыспауы белгілі болады, деп түсіндірді Жамбыл облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында.

Еске салайық, «Депутаттық корпус» қылмыстық тобының жетекшісі М.Тоқмәди 2017 жылдың қазанында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен бопсалаушылық жасағаны үшін және заңсыз қару-жарақ сақтағаны үшін сотталған еді. Сот оны үш жылға бас бостандығынан айырған болатын.

Белгілі болғандай, 2017 жылдың қазанында шыққан сұхбатында сотталушы М. Тоқмәди банкир Ержан Тәтішевті 2014 жылдың 19 желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде атып өлтіргенін мойындаған. Бұдан бөлек, жемқорлық жасағанын - ҚР ІІМ Тергеу-жедел тобының басшысы Ержан Артықбаевқа ақшалай сыйақы бергенін де мойнына алған.

Енді М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылуда.

Соңғы жаңалықтар