Таразда құқық қорғау қызметін көрсету орталығы жұмысын бастады

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысының тұрғындары Таразда ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған Құқық қорғау қызметін көрсету орталығында (ҚҚҚКО) «бір терезе» қағидасы бойынша қажетті құқықтық қызметтер мен заңды көмектерді тегін ала алады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тараздың орталығында орналасқан орталықтың кеңсесінің салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, өңірдегі құқық қорғау және мемлекеттік органдардардың басшылары, прокуратура органдарының ардагерлері қатысты.

«Орталықты ашу идеясы Ұлт жоспарының 100-ші қадамында көрсетілген  заң қызметтерін бір жерге интеграциялауды іске асыру аясында туындады, - деді өңір басшысы. - Барлық мемлекеттік органдар тұрғындармен және қоғамдастықпен тығыз қарым-қатынас жасасуы тиіс, сондай-ақ ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуі қажет. «Бір терезе» қағидасы осы жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін ұтымды болмақ. Тұрғындарға сапалы, жылдам әрі ашық қызмет көрсетілуі керек. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында облыстық прокуратурамен бірлесіп, халықтың құқықтық сауаттылығын жетілдіру үшін «Құқық қорғау қызмет көрсету орталығын» ашып отырмыз».

Оның өңірдегі алғашқы Құқық қорғау қызметін көрсету орталығы екендігі аталып өтілді. Және ол азаматтардың қандай да бір мемлекеттік органдардың көмегіне жүгінбей, тегін және қолжетімді заңды көмектерді ала алуы мақсатында ашылды. Қажетті құқықтық қызметтерді бақылау органдарының қызметкерлері, медиаторлар, пробациялық қызмет өкілдері көрсететін болады.

Жамбыл облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі атап өткендей, орталықтың заманауи ғимараты жаңа инженерлік-техникалық жабдықтармен, электрондық кезек жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, күту залы, балаларымен келген клиенттер үшін «балалар бұрышы» және тағы басқа қажетті инфрақұрылым бар.

Құқық қорғау қызмет көрсету орталығын салуға жергілікті бюджеттен 49,8 миллион теңге қаржы бөлінген.

Орталықтың негізгі міндеті шағымдарды шұғыл шешу, азаматтардың құқық қорғау органдарына және мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру, әкімшілік кедергілер мен бюрократияны жою болып табылады.

Соңғы жаңалықтар