Таразда көші-қон полициясының екі қызметкері және үш азамат сотталды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда көші-қон заңдылығын бұзуға күдікті  екі полицей мен үш азаматтың қылмыстық ісін қарау аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Жамбыл облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараз №2 соты Тараз ІІБ көші-қон полициясының бөлім бастығы мен инспекторы Асқан Зейдалиев және Руслан Қасымовты, сондай-ақ облыс тұрғындары Руслан Өсеров, Барша Өсер және Ләйла Бейсенбаеваларды айыпты деп тапты.

«Іс материалдары бойынша лауазымды тұлғалар Зейдалиев пен Қасымов қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған. Олар пайда табу мақсатымен Өсеров, Өсер және Бейсенбаевалармен алдын ала келісіп, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей азаматтарының, жалпы 609 адамның көші-қон құжаттарын заңсыз рәсімдеген».

 Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметінен алынған мәліметтерге қарағанда, сотталушылар шетел азаматтарына еңбек қызметімен айналысуға заңсыз рұқсат қағазын, уақытша тіркеу құжатын, тіркеу құжатын, тұрақты тұру ықтиярхатын берген. Сот ұйымдасқан қылмыстық істі мемлекеттік қызмет, мемлекеттік басқару және басқару тәртібіне қайшы сыбайлас құқықбұзушылық деп санайды.

Заңсыз берілген құжаттар шетел азаматтарына республика аумағына келуге, кетуге, елде заңсыз тұруға, көшуге, басқа да қызметтермен айналысуға мүмкіндік берген.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамады. Сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша Тараз ІІД көші-қон полициясының бөлім бастығы, полиция подполковнигі атағынан айырылған Асқан Зейдалиевті он жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Бұдан тыс, оның иелігіндегі қылмыстық жолмен алған немесе қылмыстық жолмен табылған ақшаға алған мүліктері тәркіленді. Оның өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иеленуіне тыйым салынды. Рақымшылыққа сәйкес, жаза мерзімі 7 жыл, 6 ай, 4 күнге дейін қысқартылды.

Тараз ІІД көші-қон полициясының бұрынғы бөлім инспекторы Руслан Қасымовқа полиция капитаны атағынан айырып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабымен 4 242 000 теңге (2 000 АЕК) мөлшерінде айыппұл белгіленді. Оның иелігіндегі жеке мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иеленуіне тыйым салынды.

Өсеров Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 394-бабы, 2-бөлігімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды, оған осындай мерзімде пробациялық бақылау белгіленді. Ол үш жылға иммигранттарға қызмет көрсету құқығынан айырылды. Тұрақты жұмыс орны болмаса, ол жергілікті билік органдары анықтайтын жерлерде мәжбүрлі еңбекке тартылады.

Барша Өсер жазадан құтылды. Оған ҚР ҚК бірнеше бабы бойынша мүлкін тәркілеп, екі жылға бас бостандығынан айыру, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазым иелену және иммигранттарға қызмет көрсету құқығынан айыру жазасы белгіленген болатын. Рақымшылық бойынша ол жазадан босатылды.

Ләйла Бейсенбаеваға белгіленген ҚР ҚК 394-бабы, 2-бөлігімен 5 жылға бас бостандығынан айыру, 5 жылға иммигранттарға қызмет көрсету құқығынан айыру жазасы рақымшылықпен алмастырылды.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар