Таразда бокстан халықаралық турнир өтуде
«№6 облыстық бокс мектебі» спорт кешеніндегі бұл жарыс 15 салмақ дәрежесі бойынша - 42 келіден 80 келіге дейінгі аралықта өтіп жатыр. Ширек финалға көптеген қазақстандық спортшылар, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанның бірнеше боксшысы өтті.
«Біз турнирді жоғары деңгейде өткізуге барымызды салдық, - деді Тараз бокс мектебінің бас бапкері Мұрат Жарымбеков.
«Келген командалардың құрамы өте жақсы, көруге тұрарлық ойын көрсетуде. Ресей мен Өзбекстаннан келген спортшылардың дайындығы өте жоғары».
Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы бас бапкерінің көмекшісі Талғат Әліпбектің айтуынша, отандық бокстың алдында республиканың резервтік команданы анықтау міндеті тұр.
«Біздің бір құрам Бакудегі халықаралық турнирге қатысып жатса, енді бірі осында жарысуда. Негізгі турнирлерді өткізіп болдық, бірақ халықаралық тәжірибе артықтық етпейді», - деді ол.