Таразда 80 отбасы жаңа баспанаға ие болды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында жоспарланған 319,6 мың шаршы метр баспана белгіленген мерзімде - Тәуелсіздік күні қарсаңында 80 отбасыға берілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Бүгін Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Тараз қаласындағы «Арай-2» жаңа тұрғын үй алабында «Нұрлы жер» тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған 80 пәтердің кілтін аз қамтылған, көп балалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі жандарға табыс етті.

«Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 26 жыл толып отыр, - деді өңір басшысы. - Қысқа уақыт ішінде мемлекетіміз үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, бүкіл әлемге өзін жас өркениетті ел ретінде мойындата білді. Бізде болып жатқан оң өзгерістердің барлығы Президентіміздің сарабдал саясатымен тығыз байланысты. Бүгін «Арай-2» тұрғын үй алабындағы 80 пәтер беріліп жатыр. Қоғамдастықтың атынан «Агроспецстрой» ЖШС-ға жүргізілген сапалы құрылыс жұмыстары үшін алғыс айтамын».

Сондай-ақ, К.Көкірекбаев 2017 жылы өңірде жылдың басында жоспарланған 319,6 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылыс бойынша жоспары толығымен орындалғанын атап өтті.

«Арай» тұрғын үй алабының өзінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында үш жылдың ішінде жалпы аумағы 85,5 шаршы метр болатын сомасы  8,5 млрд теңгеге 15 көп пәтерлі үй тұрғызылған.

«Агроспецстрой» ЖШС басшысы Ержан Көшербаев атап өткендей, компания 80 пәтерлік екі жаңа көп пәтерлі тұрғын үй салып жатыр. Соның бірі, Тәуелсіздік күніне тарту ретінде пайдалануға берілді. Екінші тұрғын үйдің құрылысы келесі жылы аяқталады.

«Нысанның құрылысы 2016 жылдың желтоқсан айында басталды. Бірінші аумағы 4741 шаршы метр болатын 80 пәтерлі үйді уақытынан бұрын пайдалануға беріп отырмыз. Үйде 3 бөлмелі 35 пәтер, 2 бөлмелі 30 пәтер және бір бөлмелі 15 пәтер бар», - деді ол.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі түсіндіріп бергендей, әлеуметтік тұрғын үй нысанының тендерлік құны 643,2 миллион теңгені құрайды. Таразда барлығы 1 235 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Тәуелсіздік алған жылдары облыс орталығында жаңа тұрғын үй алабтары мен «Астана», «Байтерек» шағын аудандары пайда болды. Қазір 14 және 15 шағын аудандардың құрылысы кезекте тұр. 

Соңғы жаңалықтар