Таразда 52 мыңнан астам тұрғын жер телімін алу кезегінде тұр

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға тілек білдірушілердің кезегі күн санап өсуде.

Қалалық әкімдіктің деректеріне сүйенсек, бүгінде облыс орталығының 52 мыңнан астам тұрғыны жер телімін алу кезегінде тұр. Егер оны отбасы мүшелерінің орташа санына көбейтсек, 150 мың қалалық жекеменшік үйге мұқтаж, деп мәлім етті қалалық әкімдікте.

2010 жылы Таразда бұл кезекте 38 мыңнан астам адам тұрған. Ал 2008 жылы Таразда тіркелген өтініштер саны 32 мың болған және жалпы алғанда Жамбыл облысы бойынша жеке құрылыстар жүргізу үшін жер телімін алуға өтініш білдіргендер саны 51 мың адамнан асып түскен. «Мемлекеттік бағдарлама аясында жеке коттедждерді салу үшін жер телімдері бөлінген. Республикалық бюджет есебінен инженерлік инфрақұрылым тарту үшін ЖСҚ әзірленуде, - деді облыстық Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Рахманқұл Байтелиев. - Тараз тұрғындарын жер телімімен қамтамасыз ету үшін облыс орталығының шекарасы қала маңындағы Байзақ және Жамбыл аудандары жерлерінің есебінен 5 953,8 га-ға кеңейтілді. Тұрғын үй салуға жер телімдерін жол, сумен жабдықтау, электрмен жабдықтау желісі, телефон орнату және басқа да қажетті инженерлік инфрақұрылымдары дайын жерлерден бөлу қарастырылады. Статистикалық деректерге сүйенсек, 2014 жылғы қаңтар-ақпанда өңірде 246 жаңа ғимарат құрылысы аяқталды, олардың 221-і тұрғын үй, 25 құрылыс - басқа мақсаттарда салынған. 2014 жылғы екі айда 29,4 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің 1 шаршы метрін салудың орташа құны 35,8 мың теңгені құрады. Айта кетейік, бүгінде Таразда 352 мыңнан астам адам тұрады. 1 076 көпқабатты үйлер мен 50 мыңға жуық жеке тұрғын үй секторы бар. Сондай-ақ күрделі жөндеуді қажет ететін ескі үйлер саны 200-ге жуықтайды .

Соңғы жаңалықтар