Тараз соты 9 жасар баланы зорлаған азаматқа қатысты үкім шығарды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы бойынша қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында атышулы қылмыстық істі тыңдау аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш мемлекеттік мекеменің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Рысқұлов ауданының тұрғынына 9 жасар баланы зорлап, артынан өлтірді деген айып тағылды.   

Іс материалдарына сүйенсек, С.Байтақов Каменка ауылында туған бауыры Б.Байтақовтың отбасымен өмір сүріп жатқан. Б.Байтақов 2013 жылы екі балалы ажырасқан әйелге үйленген. Әйелдің балаларының бірі 9 жаста, екіншісі 7 жаста болған.

Сотталушы С.Байтақов ұру, сес көрсету арқылы 2014 жылдан 2016 жылға дейін балаларға жүйелі түрде физикалық, психологиялық зорлық көрсетіп келген. Кәмелеттік жасқа толмаған К. есімді 9 жасар баланы әбден қорқытып алған С.Байтақов оны өзінің жыныстық мақсаттағы жымысқы әрекеттері үшін пайдаланған. Артынан жасаған ауыр қылмысы үшін жазаланатынын түсінген ол қылмысының ізін жою үшін зорланған баланы буындырып өлтіріп, мәйітті қора алдындағы ағаш бұтағына асып қойған.

Сот үкімімен С.Байтақов жасаған қылмысы үшін кінәлі деп танылды. Оған мүлкін тәркілеп, 22 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалды. Сонымен бірге, оған өмір бойы бала тәрбиесіне қатысты қызметпен айналысуға тыйым салынды. Өз жазасын ол енді қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейтін болады.

Үкім заңдық күшіне әлі енген жоқ, деді Жамбыл облысы қылмыстық істер бойынша арнайы маманданған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар