Тамыры бір түркі халықтарының тілдік мәселелерін бірлесе шешкен жөн - Якуб Омероғлы

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркі тілдес халықтардың өркениеті ежелден бастау алады, ал мұрасы - өте бай. Біздің тарихымыздың елеулі қатпар қабаты халықтың жадысында жасырынып қалған, яғни оны халықтың шығармашылығынан байқауға болады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне түркітанушы, Еуразия Жазушылар Одағының төрағасы, белгілі түрік прозашысы Якуб Омероғлы мәлім етті.

Еуразия Жазушылар одағы - ол халықаралық ұйым. Оның құрамына 14 елден 180 жазушы, ақын және түркітанушылар еніп отыр. Одақтың мақсаты - елдер арасында әдебиет дәстүрлерімен, түркі тілдес авторлардың шығармашылығымен, тарихта еленбей қалған деректермен, тіл мәселесімен таныстыру.

Еуразия Жазушылар одағы 160-тан кітап басып шығарды, оның ішінде 20-сы қазақ жазушылары мен ақындарына тиесілі. Түрік оқырмандары Абайдың, Мағжан Жұмабаевтың, Жамбылдың шығармаларымен кеңінен таныс. Сонымен қатар олар бүгінде Олжас Сүлейменовтің, Рақымжан Отарбаевтың, Смағұл Елубайдың, Бексұлтан Нұржекеұлының және басқа да көптеген жазушылар мен ақындардың кітаптарын сүйсініп оқиды.

Сонымен қатар Түркияда ай сайын шығарылатын «Кардеш Калемлер» атты көркем әдеби журналы бар. Жыл сайын екі халықаралық байқау да тұрақты өткізілуде. Дәстүр бойынша әр жылда әдеби редакторлардың отырысы ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, жас жазушылардың байқауын өткізу жоспары пысықталып жатыр.

Осы арқылы түркі тілдес халықтар өзара шығармашылықтарын зерттей отырып, бұл тұрғыда жалпытүркілік құндылықтардың қалыптастырылуы жайында айта аламыз. Бірлесе барша әлемге мәдени мұрамыз бен байлығымызды кеңінен таныстыруға мүмкіндігіміз бар.

- Түркі тілдес елдерден түркітанушылар мен тарихшылар үшін ең өзекті мәселелерді атап өтсеңіз?

- Кезінде түріктердің ұлттық көшбасшысы Мұстафа Кемал Ататүрік айтпақшы, егер халықтың тарихын оған ешқандай қатысы жоқ адамдар жазса, онда бұл тарихи деректерге күмәнмен қарауға болады. Алайда көптеген тарихшылар, түркітанушылар өздерінің еңбектерін көптеген теориялар түрінде құрастырады, бұл ретте оларға фактілер жетіспей жатады.  Осы орайда сәтті іске асырылған мысалдар да бар. Оның бірі Еуразия Жазушылар одағының лингвистикалық зерттеулер журналында жарияланды. Атап айтқанда, 1969 жылы «Алтын адам» анықталған Қазақстандағы Есік қорғанында күміс тостағандағы жазбалардың мағынасын ашуға қатысқан түркітанушы, профессор Ахмет Биджан Ержіласун еңбегіне қатысты болып отыр.

Ғалым орхон-енисей жазбалары мен Махмұд Қашғари еңбектерін негізге ала отырып, ыдыстағы таңбалардың мағынасын ашты. Тостағандағы жазбалар көне түркі тілінде жазылған. Бұл жазбалардың арқасында сақтар, әсіресе, олардың ақсүйектері, түркілердің ата-бабалары екенін сеніммен айтуға толық құқық бар.

Бұл нұсқа бұдан бұрын сөз етіліп жүрген үнді-ирандық тамырлар туралы теорияны жоққа шығарады. Үш мың жылға жуық уақыт бұрын аталған ыдыста жазылған сөздер бүгінде де түркі тілдерінде сақталған. Мәселен, «есен» сөзі мағынасын кез келген түркі түсінеді, қазақтар оны күнделікті «аман-есен» деген мағынада жиі қолданады.

Айтпақшы, Еуразия Жазушылары журналында мақала жариялау өте мәртебелі болып саналады, бірақ та мақалалар тыңғылықты іріктелгендіктен, мақала жариялау оңай емес. Әрбір зерттеу нақты фактілермен бекітіліп, тек бөлек елдің ғана тілдік мәселелерімен ғана емес, сонымен қатар барша түркі тілдес мемлекеттерге қатысты болуы тиіс.

- Бүгінде филологтарды, тарихшыларды қандай проблемалар алаңдатып отыр?

- Бұрынғысынша түркілердің этногенезіне байланысты өзекті мәселелер. Филологтарды түркі тілдері терминологиясындағы айырмашылықтар толғандырады. Сонымен қатар қазіргі заманғы әліпби төңірегінде де талқылаулар бар. Біздің тілдердегі бірдей дыбыстар бірдей әріптермен белгіленуі үшін латын қарпі негізінде түркі тілдері үшін ортақ әліпбидің қажеттігі туралы пікір кездесуде.

Мысалы, әзербайжандық тілде бір дыбыс екі әріппен таңбаланса, ал өзбекше тек бір таңбамен белгіленеді. Кейбір филологтардың пайымынша, түрік әліпбиінде ерекше дыбыстарды таңбалауға кем дегенде 4-5 қаріп жетіспейді. Әрине, бірыңғай әліпби түркі тілдерін бірдей ұқсас қылмағанымен, алайда бізді тағы да жақындата түсіп, мәтінде білетін сөздерді тезірек тануға көмектеседі.

Түрік қоғамын алаңдататын тиісті проблемалар бар. Қазақстандағы оқырмандарға түсінікті болуы үшін айта кетейін, елімізде «шала-түрік тілі» мәселесі кездеседі. Бұл негізінен түркиялық ерке-тотай жастардың («золотая молодежь») арасында кеңінен тараған. Өзінің ерекше қырын, мәртебесін көрсетуге тырысқан жастар түрікше сөйлегенде ағылшын сөздерін араластырады.

Тіл, мәдениет, тарих - бұл біздің тұтастықтың кепілі. Осы орайда біз проблемамызбен өзара белсенді түрде бөлісіп, бірлесе отырып оның шешімін жасауға жұмылуымыз керек. Себебі бір-бірінің хал-жағдайын сұрамаса, жақын туыстың өзі алыстап кетеді. Қазақтарда «жағдайын сұрамасаң, жат боласың» дейді ғой. Сондықтан осыған ерекше мән берген жөн.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар