Тамара Дүйсенова: Қазақстанда 560 мың адамға зейнетақы жарналары аударыла бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ауқымды тексеру жұмыстарынан кейін елімізде көбінесе қызмет көрсету саласындағы еңбек ететін 560 мың азаматқа зейнетақы жарналары аударыла бастаған.

 Бұл жайлы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Нәтижелі және нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар туралы айтайын. Статистиканың әдістемесіне сәйкес, егер де азаматтар өздерінің тауарын сатып, одан алатын табысы күнкөріс деңгейінен жоғары болатын болса, онда олар нәтижелі жұмыспен қамтылған азаматтар деп айтылады. Олардың көбі қазір кәсіпкер ретінде тіркеліп отыр. Ал егер ауылда бір сиыры, 4-5 тауығы барлар нәтижесіз өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтар болып табылады. Сол қатардағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін соңғы 5 жылдың ішінде айналысып келеміз», - дейді Тамара Дүйсенова.

Министрдің айтуына қарағанда, бүгінгі  Үкімет отырысында «нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды  жұмысқа тарту» мәселесі қарастырылған.

«Жаңа айтқанымдай, біз бұл жұмысты 2016 жылдың желтоқсан айынан бастадық. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты барлық азаматтардың мәртебесін қарап шықтық. Кім зейнеткер? Кім студент? Кім көпбалалы ана? Біз МӘМС заңын енгізген кезде «10 миллионға жуық адамның сақтандырылуын мемлекет қамтамасыз етеді» деп айтқан болатынбыз. Ол азаматтардың барлығы анықталды», - дейді ол.

Тамара Дүйсенова сонымен бірге, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мәртебесін тексеру кезінде базаларда 5,7 миллион азаматтың Қазақстанда тұрса да, ешқандай мәртебесі белгіленбегені анықталғанын айтады.

«Яғни, олар не жұмыс істейтін адамдардың қатарында, не студенттердің немесе әлеуметтік төлем алатын азаматтардың қатарынан табылмады. Сондықтан, облыс әкімдерімен бірге өткен жылғы сәуір айынан тамыз айының арасында барлық елдімекендерде үйді-үйді аралап, сауалнама жүргізілді, түсініктемелер алынды. Соның арқасында 5,7 миллион азаматтың 3 миллионының толық мәртебесі анықталды. Олардың ішінен шетте оқитын студенттер де, шетелге көшіп кеткендер мен қайтып келгендердің бәрі бар болып шықты», - дейді министр.

Ол сондай-ақ, Қазақстанда 1,2 миллион азамат «жұмыс істейміз» деп мәлімет бергенін атап өтті.

«Олардың көбі қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүргендер. Бірақ, ол кісілердің зейнетақылық жарналары жоқ болды. Сондықтан, жергілікті жерде облыс пен аудан әкімдері, салық органдарының қызметкерлерімен, әсіресе жұмыс берушілермен өте ауқымды жұмыс атқарылды. Осының нәтижесінде жұмыс істеп жүрген 560 мың азаматқа зейнетақы жарнасы төлене бастады. 54 мың кәсіпкер қайта тіркелді», - дейді Тамара Дүйсенова.

Соңғы жаңалықтар