Талдықорғандықтар бір тонна көмірді 20 мың теңгеге сатып алуда

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандықтар бір тонна көмірді 20 мың теңгеге сатып алуда. Жергілікті жұртшылық алыпсатарлардың олжасына айналдық деп наразы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Тұрғындардың сөзінше, бір ғана Дәнеш Рақышев көшесінің бойындағы қатты отын сататын қоймаға күніне екі вагон көмір келеді екен. Бірақ оның рахатын қарапайым халық емес, алыпсатарлар көріп жатқанға ұқсайды.

«13 мың теңгенің көмірін амалдың жоқтығынан 20 мың теңгеге сатып алдым. Себебі үйде жағатын отын қалмады. Үйдің іші азынап кетті. Ал қойманың алдында бірнеше сағат тұрып, бір қап көмір де ала алмадым. Себебі, азғантай көмір келгенімен қарапайым халыққа бұйырмады», дейді талдықорғандық Сәкен Сәбитов.

Бірнеше тонна көмірді қоймадан алып, оны удай бағаға сататын алыпсатарлардың  саудасы Талдықорғанда қызып тұр. Ал Мұхит есімді тұрғын қаланы шарлап көмір таппай жүргенін айтады. Себебі көпбалалы әкенің 20 мың теңгеге көмір алуға шамасы келмейді. Ал қалалық әкімдік болса, қатты отын жеткілікті мөлшерде жеткізіліп жатқанын айтады.

«Көмір мәселесі тек Талдықорғанға ғана емес, бүкіл Қазақстандағы жағдай ғой. Қазіргі күні Талдықорған қаласы бойынша көмірге ешқандай мұқтаждық жоқ. 15-18 қаңтар аралығында біздің Талдықорған қаласына 357 вагон көмір келген. Ал бір вагонда 69 тонна вагон көмір болатынын есептесек, қандай кезек болуы мүмкін екенін білмеймін. Бұл жаңағы көмір сатушылардың өздерінің мәселесі болып саналады», дейді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс.

Алыпсатарлардың олжасына айналдық деген тұрғындар көмір сататын қоймалардың басшыларына тиісті шара қолданса деп сұрайды.

Ал сәрсенбі күні Алматы облысы бойынша күн күрт суытады деп ескерту жарияланды. Талдықорғанның өзінде ауа температурасы -30-35 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар