Талдықорғандағы саяжайды су басты

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласындағы «Қызыл тас» саяжайын су басты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Тауда еріген қар суы етегінде орналасқан тұрғын үйлерге жетіп, аулаларына кірген. Бірнеше саяжай учаскесі су ортасында қалған. Төтенше жағдай уақтылы хабарланғанның арқасында суды қайтаруға мүмкіндік туды. Ал қызыл судың жайылуына суағарлар мен каналдардың күл-қоқысқа толып, арықтардың тазаланбауы себеп болған. Қазіргі таңда оқиға орнында 50-ге жуық адам мен 10 шақты техника жұмыс істеп жатыр. Шығын көлемі анықталуда.

«Су менің үйіме таяу қалды. Кейбір көршілер кетіп бара жатып осы арық бойында қолдарындағы қоқысты тастап кетеді. Соның кесірінен арық бітеліп, су жайылып кетті», - дейді саяжай тұрғыны Қанат Әскербекұлы.

Саяжайға тап берген судың бетін қайтару үшін қала әкімдігі шұғыл шараларды қолға алып, коммуналдық мекемелердің техникаларын жұмылдырды. Сонымен қатар, еріген қар суы азаймайынша кезекшілік жүргізілетіндігін мәлімдеді.

«Саяжайдағы барлық арық жүйелері қадағалауға алынды. Әсіресе көпірлер басты назарда. Арнайы техникалар арықты бітеген қоқысты шығарып, судың ағып кетуін қамтамасыз етуде», - деді  Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс. Сондай-ақ, ол  саяжайда тәулік бойы кезекшілік құрылып, жағдай бақылауға алынатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар