Талдықорғандағы Наурызда қырғызстандық трюкшілер өнер көрсетті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Жетісудың бас қаласы Талдықорғанда Ұлыстың ұлы мерекесі - Наурыз мейрамы сән-салтанатпен тойланып жатыр. Биыл «Жастар» саябағына жиналған халықтың легі ерекше көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Талдықорғандықтар әсіресе Қырғызстаннан келген ерекше өнер иелерін ерекше қызығушылықпен тамашалады. 11 адамнан құралған топтың бағдарламасында адамның үстімен көлікпен жүріп өту, ауыр гір тастарын көтеру, биіктегі арқан жіпте әртүрлі трюктар орындау сынды өнерлер бар. Олар сондай-ақ халықтың арасында түрлі ойындар ұйымдастырып, жиналғандарға барынша көтеріңкі көңіл-күй сылауға тырысты. Жиналған жұрттың құрмет-қошеметіне бөленген 11 адамның барлығы да бір әулеттің мүшелері екен.
null 

«Сіздерге өнер көрсетіп жатқан жандар Рахмановтар әулетінің алтыншы ұрпағы. Өзім қазір осы топқа жетекшілік етудемін, 56 жастамын. Бала күнімнен бізді осы өнерге баулыды. Қазір бұл дәстүріміз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатыр.  Топтың ең кішкентай мүшесі 4 жаста, өзімнің немерем (...). Бұл жолы Талдықорған қаласы әкімдігінің шақыртуымен арнайы  келдік. Гонорарымыз жақсы болады деп үміттенеміз. Бірақ қанша берсе де қанағат тұтамыз. Жалпы Талдықорғанға бірінші рет келіп тұрмыз. Негізі  Қазақстанның Алматы,  Өскемен, Шымкент сынды қалаларында болып, өнер көрсеттік. Халықтың ықыласы, пейілі өте жақсы екен. Баршаңызды Ұлыстың ұлы мейрамы - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз. Әр отбасы бақытты болсын», - деді Әлишер Рахманов.
null 

Қырғызстанның Ош қаласынан келген әулеттің өнеріне тәнті болған талдықорғандықтар ризашылығын білдіріп,  арнайы қорапқа ақшаларын да салып жатты.

Жалпы Наурыз мерекесі тойланған «Жастар» паркінде сауда да қыза түсті. Мәселен түрлі мультфильмнің персонаждарымен суретке түсу құны 500 теңге. Ал бір стакан наурыз көже 200-250 теңгеден саудаланды.

Соңғы жаңалықтар