Талдықорғандағы «Көркемсурет галереясы» автокөлік жеңіп алды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғандағы Көркемсурет галереясы "Үздік облыстық мәдениет мекемесі" атанды. Ұжымға су жаңа "Lada Largus" маркалы автокөлік тарту етілді. Жетісу төрінде өткен  мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде өзге де 7 аталым бойынша үздік деп танылғандар арнайы дипломдар мен 100 мың теңгенің сертификатын иеленді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда Қапшағай қалалық кітапханасы, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Сандуғаш Мұңайтбасова, Қаратал ауданындағы «Алтынай»  би ансамблі, Текелі қалалық мәдениет үйі және басқа да ұжымдар үздіктер қатарынан көрінді. Арнайы дипломдар мен 100 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сонымен қатар 18 азамат «Үздік мәдениет қызметкері» атанса, бірқатар қызметкерлер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, түрлі дәрежедегі құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталды. Жалпы осы күні 50-ден астам мәдениет қызметкері марапатталды.
null

Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов кәсіби мерекемен құттықтап, мәдениет саласының қоғам өміріндегі маңызына тоқталып өтті.

"Мәдениет - ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мәдениет - елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Қай елдің мәдениеті мықты дамыса, сол елдің еңсесі де биік болады», - деп атай келе, «Еуразияның ең бір бай да бірегей мәдениеті - қазақ мәдениеті» деген еді. Халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету үшін саланың материалдық-техникалық базасын нығайту басты назарымызда. Мәдениет саласын дамыта отырып және сіздердей зиялы қауым, өнер адамдарын құрметтей отырып, біз жастарды тәрбиелейміз", - деді А. Баталов.
null

Жалпы өңірдің мәдениет саласының бюджеті 2015-16 жылдарға қарағанда 40 пайызға өсіп, биылғы жылы 7,6 млрд. теңгеге жетті. Мәдени нысандардың күрделі жөндеу жұмыстары мен жобалық сметалық құжаттарын жасатуға барлығы 870,2 млн. теңге бөлінді.
null

Соңғы жаңалықтар