Талдықорғанда жабайы саудамен күрес жандана түседі

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қалалық әкімдігінде жабайы саудамен күреске байланысты жиын өтті. Әкімнің орынбасары Нұрлан Мәмбетжанов төрағалық еткен жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері ғана емес қала көшелерінде азық-түлік, киім-кешек саудалап отырған саудагерлер мен сауда үйінің басшылары қатысты.

 «Заңға сәйкес, көпшілік жүретін көшелерде сауда жасауға тыйым салынған. Яғни белгілі санитарлық талаптар сақталмайынша азық-түлік сатуға болмайды. Бірақ, көшедегі саудагерлер бұны ескермейді. Біз бұл кісілердің жағдайын түсінеміз. Бала-шағаны асырау керек. Сондықтан, саудагерлерге сауда үйлерінің ішінен және коммуналдық базардан орындар ұсынудамыз», дейді қала әкімінің орынбасары. Оның бұл сөзін базар басшылары да қолдап отыр. Мәселен, «Жерұйық Талдықорған» АӨК» ЖШС директоры Ақшабай Керімбековтің айтуынша, базар ішінде 300 орын бар. «Біз оны саудагерлерге желтоқсан айына дейін тегін бере аламыз. Базарда арнайы жабдықталған қоймалар, сөрелер бар. Келіп сауда жасаймын деушілерге біздің есігіміз ашық», дейді ол.

Сондай-ақ, «Шаған» сауда үйі» ЖШС-на қарасты сауда үйлерінде де бос орындар жеткілікті. Көшеде сауда жасап отырғандар үшін серіктестік басшысы Серік Құлжабеков 2 айға сауда орындарын 50 пайыздық жеңілдікпен ұсынуға әзір.

Айта кетерлігі, бүгінгі күні Талдықорған қаласында жалпы аумағы 1 мың шаршы метрді құрайтын тағы бір сауда орны салынып бітті. Онда  3 мың шаршы метрлік қойма бар. Сауда орындарының іші талапқа сай. Сауда орындарын жалға  алуға алғашқыда жеңілдік жасалады. Жабық сауда орындарының артықшылығы  көкөніс пен жеміс-жидекті қалыпты температурада сақтай алады. Шіріп, бұзылатын тауар аз болады. Сол себепті бағасын да төмен қоюға мүмкіндік бар.

Ұсыныстарды тыңдаған көше саудагерлері бұл орындарға адамдардың аз баратынын айтады. Сол себепті тиісінше табыс таба алмай қаламыз деп қауіптенеді. Олардың пайымынша, орталық базардағы көтерме дүкендерін жоғарыда аталған мекен-жайларға көшірмей, мәселе шешілмейді. Орталық базарға тек талдықорғандықтар емес, алыс-жақын аудандардың тұрғындары да келеді. Қалалық әкімдік те осы мәселені қарастыруға уәде берді. Алайда, ендігіде жабайы саудамен айналысатын азаматтарға айыппұл салынатыны ескертілді.

null null null null  

Соңғы жаңалықтар