Талдықорғанда студенттердің жатақханаға орналасу мәселесі шешілетін болды

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласындағы колледждер мен жоғары оқу орындары студенттерінің жатақханаға қатысты мәселесі шешілетін болды. Бұл туралы бүгін оқу орындарын аралаған Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар осыдан біраз уақыт бұрын білім мекемелерін аралап, жатақханалардағы студенттердің жай-күйімен танысқан еді. Онда студенттер баспанасында сол оқу орынында жұмыс істейтін мамандардың тұрып жатқанын көріп, өз пікірін білдірген.

«Отбасылы адамдар тұрған жерде тыныштық бола бермейді. Балалардың сабаққа дайындалып, бос уақыттарында әртүрлі шара ұйымдастыруы үшін жатақхана студенттердің өз еншілерінде болуы тиіс. Онда демалыс орны, кітап оқитын бөлме болуы тиіс», - деп ескерту жасаған.

Бүгінгі тексеріс барысында да облыс әкімінің орынбасары студенттердің заманауи білім алып, тынығып, бос уақытын тиімді өткізуіне баса көңіл бөлді.

«Отбасылы адамдар тұратын жатақханаға сырттан бөтен адамдардың келетіні айдан анық. Ондай жерде ішімдік ішілуі әбден мүмкін. Біз жасөспірім ұл-қыздардың қауіпсіздігін сақтауымыз керек. Жастарды әдептілікке үйретіп, бойын жаман әдеттерден сақтау үшін тәрбиесіне, алаңсыз білім алуына баса көңіл аударамыз. Сондықтан, білім ошақтарының жатақханасында тұрып жатқан 360 адам көктем шығысымен жатақханалардан шығарылатын болсын. Онда студенттер тұрады. Баспанасыз мамандардың мәселесін шешудің басқа жолдарын қарастыруымыз керек», - деді әкім орынбасары.

Сонымен қатар, Жақсылық Омар білім беру мекемелерін аралау барысында Талдықорған қаласындағы сервис және технология колледжінің маман даярлаудағы әдісін жан-жақты қадағалайтынын жеткізді.

«Маман тәрбиелеуде уақытты тиімді пайдаланып, оқыту бағдарламасы аясында жастарды бірнеше кәсіптік мамандыққа баулу, сұранысқа ие салалар бойынша оқыту білім мекемелерінің жауапты қызметкерлерінің назарынан түспеу тиіс», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар