Талдықорғанда ардагер спортшылар боз кілемде белдесті

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда қала күні мерекесіне орай ардагер спортшылар арасында қазақ күресінен «Арландар айқасы» турнирі өтті. Қала әкімінің жүлдесі сарапқа салынған бәсекеге облыстың түпкір-түпкірінен 10 команда, 30-ға тарта балуан қатысты. Жарыс 45-50 жас, 51-55 жас және 56 жастан жоғары спортшылар арасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Шара  мақсаты  - ұлтымыздың спортын өркендету», - дейді  қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Әділет Рымтайұлы. Оның айтуынша, биыл көктемде осы қазақ күресінен жасөспірімдер арасында «Бөлтіріктер белдесуі» атты бәсеке ұйымдастырылған. Ересектер арасында «Талдықорған бөрісі» турнирі өтті.

Жалпы, жарыс аса тартысты өтті. Балуандар боз кілемге шыққан бетте бір-бірінен айласын асыруға әрекеттенді. Бұл ретте аса белсенді болған Алакөл ауданының спортшыларын атап өткен жөн. Жарыс қорытындысына сәйкес, 50 жасқа дейінгі балуандар арасында 90 келіге дейін салмақ дәрежесінде бірінші орынды талдықорғандық Жұбанышбаев Талғат жеңіп алса, 90 келіден жоғары салмақта бас бәйгені алакөлдік Омаров Серікжан қанжығасына байлады.

55 жасқа дейінгі балуандар арасында 90 келіге дейінгі салмақта көксулық Нұрлан Дәрубаев топ жарса, 90 келіден жоғары  категорияда Бақнұр Шаяхметов жеңімпаз атанды. Ал 56 жастан жоғары ардагерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақта жеңімпаз болып көксулық балуан Сейіт Дәуітов танылса, одан жоғары салмақта талдықорғандық Саятхан Құдайбергенов жеңімпаз атанды.

Айта кету керек, Талдықорғанда қала күніне арналған мерекелік шаралар 8 қыркүйектен басталды. Түрлі шығармашылық байқаулар, шеберлік сабақтары, ретро концерттер мен спорттық сайыстар, танымал тұлғалармен кездесулер, әлеуметтік нысандардың ашылуы, кәсіпорындардың тұсаукесерлері секілді көптеген шаралар биылғы мерекенің сәнін кіргізетін болады. Ал, негізгі мереке 30 қыркүйекте сағат 10:00-де қаланың орталығынан басталып, Жастар спорт сарайының маңы мен «Жастар» саябағында жалғасады.

Соңғы жаңалықтар