Талдықорғанда 70 такси халыққа тегін қызмет көрсетуде

None
None
  ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Қасиетті Құрбан айт мерекесін  талдықорғандықтар ерекше  құрметпен атап өтуде. Айт күндері қалада 70 такси қалың жұртқа тегін қызмет көрсетуде.

Сондай-ақ бұл діни мейрам ұлттық ойындармен ұласып, жетісулық жамағат ат жарыстырып, балуан күрестіріп, арқан тартысып көңіл көтереді. Мұндағы мақсат игі амалдар мен жақсылыққа шақыратын Құрбан айт мерекесінің мәнін тереңдетіп, мәртебесін асқақтату, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

70 такси таң сәріден сағат жетідегі айт намазға халықты таси бастады. Негізгі назар үлкен қарияларға аударылды. Көлік жүргізушілердің басым бөлігі мешітке жиі барып, құлшылық етіп тұратын қала тұрғандары. Бүгін олар ақшаның орнына халықтан бата сұрады.

Ертай Қабанбаев  бірнеше жылдан бері Ораза және Құрбан айт мерекелерінде тегін такси қызметін ұсынады. Көлігін тізгіндеп, көшеде қол көтерген ағайынның бәріне тоқтайды. Жүргізушілердің бұл бастамасына қоғамдық көлік иелері де үлес қосып, кей бағыттарға тегін тасымал ұйымдастырды. Нәтижесінде мешіттерге келген халықтың да қарасы қалың.

Құрбан айт кешірім мен игі амалдардың, қайырымдылықтың мейрамы. Жақсылық жасауға шақыратын мерекенің мән мағынасы да жылдан жылға артып келеді.

«Осы мешітке келуші жастарымыз тек намазын ғана оқып кетіп жатқан жоқ. Сонымен қоса қандай бір мереке болса да өте жоғары деңгейде белсенділігін көрсетіп жатыр. Бір біріне қайырымдылықтарын ізеттерін көрсетіп, қайтсем ізгілік жасаймын, мен қандай бір жақсылық жасасам болады еліме халқыма деген өздерінің талпыныстары жүздерінде айқын көрініп тұр»,- дейді Талдықорған өңірінің өкіл имамы Серікхан Ырымханұлы .

Талдықорған төріндегі құрбан айт мерекесі түстен кейін спорттық шараларға ұласады. Жас балуандар күресіп, ұлттық ат спорт ойындары өтеді. Ал кешке қарай мешіт маңында шалынған мал еті мұқтаж жандарға үлестіріледі.

Соңғы жаңалықтар