Талдықорған маңындағы ұшақ апаты: Ұшқыш 4 жылға сотталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Талдықорған гарнизонының әскери соты 2016 жылдың 21 желтоқсаны күні болған Су-27 жойғыш ұшағының апатқа ұшырау фактісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Әскери сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, 2016 жылдың 21 желтоқсаны күні майор Әділбек Ысқақов ұшу және оған дайындық ережелерін бұза отырып, Су-27 ұшағына отынның құйылған не құйылмағанын тексерместен, ұшақты қабылдап, көкке көтерілген. Ұшу кезінде дабыл құралдары іске қосылып, отынның аздығы туралы хабар берген. Алайда, Ә. Ысқақов аталмыш құралдардың дұрыстығына күмән келтіріп, ұшуларды басқарушы тұлғаға өзінде қалған отынның нақты көрсеткішін емес, оны асыра мәлім еткен. Майордың бұл әрекетінің соңы апаттық жағдайға алып келді. Отынның жетіспеушілігінен оң және сол жақ қозғалтқыштар жұмыс істемей қалған. Осыдан кейін ұшқыш катапульта жасаған, ал ұшақ Талдықорғаннан 20 шақырым қашықтықта жермен соғылып, күл-талқан болды.

2018 жылдың 12 қаңтарындағы үкіммен майор Ысқақов ҚР Қылмыстық кодексінің 464-бабында қарастырылған қылмыстық құқықбұзушылықты жасауда кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздік деңгейі төмен мекемесінде өтейді. Сондай-ақ ол 4 жыл мерзімге ұшулармен байланысты лауазымдарды атқару және қызметтерді орындау, ұшу аппараттарын экплуатациялау құқығынан айырылды.

«Қылмыстық істі қарау нәтижесінде ҚР Қорғаныс министріне Ысқақовтың қылмыстық құқықбұзушылықты жасауына себеп болған жайттар мен жағдайларға байланысты жеке қаулы шығарылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген әскери соттың хабарламасында.

Еске салайық, 21 желтоқсан күні Талдықорған маңында түнгі жағдайда оқу-жаттығуды орындау кезінде ҚР Қорғаныс министрлігінің 21751 әскери бөлімінің Су-27 ұшағы апатқа ұшырады. Ұшқыш, майор Әділбек Ысқақов әскери госпитальға жеткізілді. 22 желтоқсан күні ҚР Қылмыстық кодексінің 464-бабында көрсетілген құқықбұзушылық бойынша (Ұшу немесе ұшуға дайындық құқықтарын бұзу) сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кетейік, Сенат депутаты, бұрынғы Қорғаныс министрi Мұхтар Алтынбаев жойғыш ұшақтың құлауына жанармай себеп болуы мүмкіндігін айтқан еді.

"Ұшақ қозғалтқышының екеуi қатар тоқтап қалған, бұрынғы кезбен салыстырсақ болмайтын жағдай деуге болады. Бұл жерде ұшқыштың ерлігін айту керек. Екi қозғалтқыш тоқтағанда, саспай, ұшақты елдi мекенің үстінен алып кеткен. Басқару iстемей қалғаннан кейiн ұшақты тастап, секiрген. Ережеге сай  дұрыс әрекет еткен. Ол аман қалды. Әуе апатына жанармай немесе жанармайды дайындаған кезде кеткен олқылықтар себеп болуы мүмкін", - деген болатын М.Алтынбаев.

 

Соңғы жаңалықтар