Талдықорған әкімінің орынбасары мен экс-кеңесшінің соты өтетін күн белгіленді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асқар Тұтыбаев пен қала әкімінің экс-кеңесшісі Алмасбек Садырбаевқа қатысты істің соты өтетін күн белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Басты сот отырысы 28 тамызға белгіленді. Процесс Талдықорған қалалық сотында сағат 16:30-да басталады. Істі судья А. С. Тоқтыбакиева қарайды. Аталған істе Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Асқар Тұтыбаев экс-кеңесші Алмасбек Садырбаевты сотқа беріп отыр. Қазір Алмасбек Садырбаевқа ҚР ҚК 380-бабы бірінші бөлігі  (билік өкіліне қатысты өміріне немесе денсаулығына қауіпті емес күш қолдану) бойынша айып тағылуда.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алмасбек Садырбаев қала әкімінің орынбасары А. Тұтыбаевпен әкімдікте төбелескендігі туралы Фейсбуктегі  парақшасында жазған болатын . 

Ал әкім орынбасары бұл жайтты жоққа шығарды. Тұтыбаевтың сөзінше, Алмасбек  Садырбаев оны балағаттап, ұруға ұмтылған көрінеді. Ал істің осыншама насырға шабуына Тұтыбаевтың құжатқа қол қоймауы себеп болғанға ұқсайды. Алайда әкім орынбасары «алғашқы құжатқа қол қойып бердім, бірақ онысы жарамсыз болып қалды», деген болатын.

Соңғы жаңалықтар