Тахауи Ахтановпен бірге оқыған ақтөбелік қария апатты үйде тұрып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының Қарасай батыр көшесіндегі апатты үйде тұрып жатқан Жұмажан Шауленова пәтер кезегінің қашан келетінін білмей отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.



Ақтөбе қаласының Әйтеке би ауданында тұрып, бала кезде қалаға көшіп келген Жұмажан Шауленова бастауыш сынып мұғалімі болған. Ол 30-жылдары Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтановпен бір мектепте білім алды. Ал әкесі Сұлтан Шауленов араб, латын тілін меңгерген, мектепте ұстаз болды. Қазақтың біртуар азаматтарына дәріс оқыған ұстаздың қызы қазіргі уақытта апатты үйде тұрып жатыр. Қолында құжаты бар. Ағаштан жасалған тіреудің үстінде өмір сүріп жатқан қария кезегінің қашан келетінін білмейді.

null 

«Күйеуім Малкаждан Макибаев Ұлы Отан соғысының ардагері, мүгедек болды. Жас кезімізде баспана туралы ойламадық, ешкімнен көмек сұрамадым. Кейін бізге жатақханадан бір бөлме берді. Мен сол пәтерді сатып, үй алдым. Бірақ үйім апатты. Біртұтас үйдің екі иесі бар. Біз тек екі бөлмеде тұрамыз. Жертөлеміз бұрын тұрғын үй ретінде пайдаланылған. Терезесі, есігі бар. Пеш те жертөледе жағылады. Бұл жердің қабырғасы сөгілген, жоғары қабат тек ағаш тіреулермен аман тұр. Бір күні үйдің едені ортасына түсіп, мерт боламыз деп қорқамын. Балаларым зейнеткер, кішкентай ұлым инсульт алып, жұмысқа жарамсыз болды. Ал келінім кезекшілікпен жұмыс істейді», - деді қария Жұмажан Шауленова.

Құжаттары түгел, үйдің техникалық паспорты бар. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына толықтырулар мен өзгертулер енгізілген кезде Жұмажан Шауленова авариялық жағдайда тұрған үйлер тізімінде №24 болып тіркелді. Ал жасына қарай зейнетке шыққандар тізімі бойынша №641, Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар тізімінде 626 болды. Үшеуінің ең тиімдісі апатты деп танылған үйлердің иелеріне берілетін пәтер деген тұжырыммен сол санатты таңдады. Бірақ бұл кезек те жылжымай тұр. Ақтөбе қалалық тұрғын үй қорын есепке алу секторы ешкімге басымдық бере алмайтынын, әр адам тек кезегімен баспаналы болатынын жеткізді.

null

«Үй іші құлап, тек ағаштардың күшімен тұр. Ағаш тіреулер бір күні шіріп, біз ортасында қалуымыз мүмкін. 2010 жылы арнайы комиссия тексеріп, үй апатты деген қорытынды шығарды. Содан бері жанымызды шүберекке түйіп отырмыз. Маған бұл үйде жағдай жасалмаған. Дәретхана далада. Қыста сыртқа шыға алмаймын. Пеш жертөледе жанып тұр. Газдан ақау кетсе, біз бір сәтті күлге айналамыз»,- деді Жұмажан Шауленова.

Қария әкесі Сұлтан Шауленовтің естелік суретін мұражайға берген. Педагог Ленин орденімен марапатталған, қазақтың біртуар азаматтарына сабақ берді.

«Әкем мұғалім болды, өзім Қуандық Шаңғытбаев, Тахауи Ахтановпен бір мектепте білім алдым. Бұл Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылы болатын. Олар соғысқа аттанды, біз тылда еңбек еттік. 1948 жылы Ақтөбеге келіп, кездестім. Ол кезде Тахауи жазушы, ал Қуандық басылымда еңбек етті»,- деді қария өткенді еске алып.

null

Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев айтуынша, қазір облыс орталығында 25 үй апатты деп танылған. Оның 11-і жеке үйлер, өзгесі 1-2 қабатты көппәтерлі үй. Апатты үйлер қаланың Тургенев, Есет батыр, Қарасай батыр, Гагарин көшелерінде бар. 

Соңғы жаңалықтар