Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жетім қыздың өмірі өзгерді - Алматы облысы

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат -  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов балалар үйінің тәрбиеленушісіне пәтер сыйлады. Бұл жөнінде облыс басшысының орынбасары Жақсылық Омар Фейсбуктегі өз парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткенде «Жетісу» телеарнасының «Болмыс» бағдарламасында Гүлім Нүркебаеваның тағдырын естіген ел егілді. Содан кейін арнайы Аналар үйіне барып, таныстым. Бар жағдайдан хабардар болған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Гүліммен кездесіп, Талдықорғаннан пәтер берді. Сәбиімен 6 айлық реабилитациядан өткеннен кейін өз үйіне ие болады», - деп жазған Ж.Омар.

Гүлім Нүркебаева Кербұлақ ауданында дүниеге келген. Ол 12 жасынан бастап туған сіңлісі екеуі «Айналайын» балалар үйінде тәрбиеленген. Анасынан ерте айырылған Гүлім әкесінен бейхабар. Сөзінше, ол екі жаста болғанда анасы әкесімен  ажырасып кеткен. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жәудір көз әр жерде жұмыс істеп, нәпақасын тапқан. Колледжде білім алып, маман атанған.



24 жастағы Гүлім Нүркебаеваның айтуынша, алты жыл көңілі жарасқан жігітінің ата-анасы оның жетімдігін бетіне басып, үйленулеріне түбегейлі қарсылық білдірген.

«Менің туыстарым бар, мына жетім қызды келінім деп елдерге қалай көрсетемін. Егер осы қызға үйленетін болсаң, мен анаңмен ажырасып кетемін. Тойымызға үш күн қалғанда әкесі осылай қарсылық білдірді», - деген болатын «Болмыс» бағдарламасы барысында Гүлім. 

Оның сөзіне қарағанда, кейін сүйіктісінің үйіне аяғының ауыр екенін  айтып барған. Бірақ  жігіттің әке-шешесі түн ортасында үйден қуып шыққан. Барар жері, басар тауы қалмаған ол қазір аналар үйінде тұрып жатыр. Ол өзінің тұрғылықты мекен-жайының дұрыс болмауына байланысты дүниеге келген баласына жәрдемақы да ала алмаған. Гүлімнің өзінен үлкен екі апайы бар.

«Бірақ олардың маған көмек көрсететін шамасы жоқ», - дейді ол.

Айта кетейік, Алматы облысының әкімдігі 2015 жылы Талдықорғанда 60 пәтерлі көпқабатты үй салып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға берген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар