Табиғатты қорғау прокурорлары Қайрат Қожамжаровтың сынына ілікті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қайрат Қожамжаровтың төрағалығымен өткен Бас прокуратура кеңесінде табиғатты қорғау прокурорларының жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталған ведомствоға сілтеме жасап.

Бас прокурор табиғатты қорғау прокурорларының қызметін сынап, олардың енжарлығын, жұмыс тиімділігінің төмендігін, экологиялық заңнама бұзушылықтарына дер уақытында қарсы әрекет етпеулерін сынады.

«Күнсайын дерлік БАҚ-та, әлеуметтік желілерде қоғам қоршаған ортаға зиянды әсерлердің салдарынан денсаулықты қорғау мәселелерін жария талқылап жатады. Өкілетті мемлекеттік органдарға атмосфера ауасының ластануына қарсы әрекетсіздік, ауызсудың жоқтығы, тұрмыстық халдықтардың бей-берекет сақталуы, су тасқыны мәселелеріне қатысты сын бар. Мұның барлығы да экология саласындағы жағдайды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді талап етеді», - деді Қайрат Қожамжаров.

Бас прокурор Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорларының назарын су қорғау аймақтарында жер телімдерін бөлу, тұрмыстық қатты қалдықтарды жою мәселелеріне аударды. Ал Шығыс Қазақстан облысы прокурорларына атмосфера ауасының ластануы, жекелеген елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін жіті назарда ұстау тапсырылды. Ақмолалық прокурорларға Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуға бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдалануын бақылауға алу жүктелді. Маңғыстау облысының прокурорлары бортында мұнай өнімдері бар теңіз кемелерін утилизациялау проблемалары мен өндірістік қалдықтармен жердің ластануы мәселесін қаперде ұстайтын болады.

Сонымен қатар Қайрат Қожамжаров ағымдағы жылға арналған қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңдылыққа прокурорлық қадағалау тиімділігін арттыру шараларының кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Мұнан бөлек, Бас прокурор қоршаған ортаны қорғау үшін «Нұрлы жол», «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту», «2021 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға бөлінген бюджет қаражаттарының тиімді жұмсалуын қадағалауды тапсырды.

Кеңес қорытындысында бірқатар нақты тапсырма берілді.

Соңғы жаңалықтар