Сырымдық шаруаларға 49,1 млн теңге несие берілді - БҚО

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -  Сырым ауданында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы тиімді жүзеге асырылуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиевтің айтуынша, Елбасының биылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын бағдарламаның үш бағыты аясында 10 айда Сырым ауданы бойынша қатысушылар саны 1 043 адамға жетті. «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» 1-бағыты бойынша қысқа мерзімді курстарға орталық арқылы 159 адам жіберілді. Бағдарламаның жаңалығы болар, ұсынылған кәсіптік мамандықтарда алуан түрлілік, сан салалылық байқалады. Мысалы, аргондық дәнекерлеу, газ, электрмен дәнекерлеуші, газ операторы, шаштараз, ЭЕМ операторы, іс жүргізуші, аспаз, тігінші мамандықтарынан бөлек, маникюр, бет әрлеуші, әлеуметтік қызметкер, 1С бухгалтер, бала күтуші, массаж жасаушы, кондитер, AutoCAD курсы сияқты мамандықтар игерілуде. Күні бүгін Сырым ауданы бойынша кәсіптік оқуын аяқтаған 123 адамның 17-сі жұмысқа орналасты.

Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» екінші бағыты бойынша осы жылдың 10 айында 13 адам мал шаруашылығын дамыту мақсатында 49,1 млн теңге несие алды. Олардың ішінде жеті шаруа «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 30 млн 850 мың теңге несие алса, 6 адам «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 18 млн 245 мың теңге несиені «жұмысқа салды».

Жұмыспен қамтуға негізінен жастар санаты мұқтаж болып келеді. Осы орайда «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» деп аталатын бағдарламаның үшінші бағыты да белсенділікке ие, бастысы, нәтижелі болып отыр. Жастарды жұмыспен қамту үшін ауданда «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 75 жас маман еңбек тәжірибесін арттырмаққа жұмыс берушілермен келісімшарттың негізінде мекемелерге жолданды. Биыл бағдарлама арқылы тәжірибеден өтуге жолданғандарға төленетін айлық еңбекақының көлемі едәуір артып, 1 адамның еңбекақысы 56 725 теңгені құрады. Жұмысын аяқтаған 34 адамның 15-і жұмысқа орналасты.

Халықты жұмыспен қамтудың тағы бір түрі - әлеуметтік жұмыс. Осы он айдың ішінде аудан бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 40 адам жолданды. Ақылы қоғамдық жұмысқа дерекқор бойынша биылғы жылдың 10 айында 13 жұмыс беруші үшін  350 адам жұмысқа тартылды.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы негізінде Сырым ауданы бойынша осы уақытқа дейін 406 адам жұмысқа орналасты. Соның ішінде мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар шеңберінде жұмысқа орналасқандар  35 адам болса, мемлекеттік қолдау шараларынсыз жұмысқа орналастырылғандар саны 371-ді құрап отыр.

Ел ескеруге тиісті бір жайт, халықты жұмыспен қамтуда мақсатты топқа жататын адамдарға басымдық беріледі. Бұл басымдық іс жүзінде сақталуда. Осы айлардың ішінде аз қамтылған отбасылардың еңбекке жарамды мүшелерінен 159 адам, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуда 36 адам әлеуметтік қорғау шараларын алып отыр. 29 жасқа дейінгі жастарды жұмыспен қамтуда 354 жас жұмыспен қамтылды.

Алдағы міндеттің бірі - бағдарламаның ақпараттық түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізу. Осы мақсатта биылдыққа аудан орталығында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі үш рет ұйымдастырылды. Жәрмеңке қатысушылардың дені кеңес алушылар болып келеді.

Сырым ауданында 2017 жылдың 1 қарашасына 137 адам ресми жұмыссыздар, 1 261 адам  жұмыс іздеушілер есебінде тұр. Жұмыссыздық деңгейі 1,2 пайыз.

Айта кетейік, мемлекеттік бағдарламаның шапағатын көріп, малын көбейтіп отырғандардың бірі - Бұлан ауылдық округі Жамбыл ауылында тұратын Ғалым Кәрімов. 1967 жылы өмір есігін ашқан ол 1988-2000 жылдары Жамбылда жүргізуші қызметін атқарған. Ауыл тіршілігі негізінен малға байланысты екендігі белгілі. Аудандық жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері елді мекендерді аралаған кезде аталмыш бағдарлама туралы біліп, сосын несие сұрап, жолыққан.

«Мал шаруашылығын дамытамын деген оймен 1 млн 350 мың теңге несие алдым. Осы қаржыға бес бас сиыр, қалған қаржыға жем-шөп сатып алдым. Қазіргі уақытта артылған сүт, ет өнімдерін  сатып, пайда көрудемін. Алдағы қыстан мал басын аман алып шығып, көбейту қамындамын. Мұның бәрі - мемлекеттік бағдарламаның арқасы. Сондықтан аудандық жұмыспен қамту орталығына ризашылығымды білдіремін», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Ғ.Кәрімов.

Соңғы жаңалықтар