Сырым Датұлының тікелей ұрпағы Эверест шыңына Астана туын тігеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қазақстандық альпинист Мақсұт Жұмаев әлемнің ең биік нүктесі Эверест (Джомолунгма) шыңына екінші рет шығып, Астана қаласының туын тігеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін қазақстандық альпинист Жердің ең биік нүктесін 2007 жылы солтүстік жағынан бағындырған еді. Бұл жолы теңіз деңгейінен 8848 метр биіктікке оңтүстіктен - Непал мемлекеті жағынан шыққалы отыр.

«Өз амбицияңды қанағаттандыру үшін спорттық нәтижелер көрсететін заман өтті. Қазір тұтас Қазақстанның, тұтас  қоғамының назарын аударатын мүмкіндіктерді пайдалану керек. Астана - еліміздің символы және болашағы, елордамыздың мерейтойын насихаттау мен үшін мәртебе.  Сондай-ақ, өз сапарыммен әлемге қазақстандықтардың талпынысын, заманауи Қазақстан азаматының келбетін көрсеткім келеді.  Экспедицияда менімен бірге Ресей, Швейцария альпинистері болады. Әрине, оңай сапар емес. Біздің тауға шыға алатынымызға, ауа райының қолайлы боларына, боран соқпайтынына ешкім кепілдік бере алмайды», - деді М. Жұмаев Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Мақсұт Жұмаев - Батыс Қазақстан облысының тумасы. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәліметтерге сенсек, әйгілі батыр Сырым Датұлының тікелей ұрпағы. Әлемде биіктігі 8 мың метрден асатын ең қатерлі 14 шың болса, М. Жұмаев соның барлығын бағындырған. «Жердің тәжі» деп аталатын бұл 14 шыңға шығу - альпинизмде өте жоғары бағаланады.

«Әдетте адам 4 мың метрден асқанда, ауа жетпей, есінен танады. Сондықтан, бұл өте күрделі әрі қауіпті жұмыс. Мақсұт Жұмаев - ең биік 14 шыңды да оттегі құралынсыз бағындырған жалғыз қазақстандық альпинист. Бұл жастарға ғана емес, әрбір қазақстандыққа үлгі. Алдағы экспедиция Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Аталған экспедиция қаламыздың әлемдік аренадағы абыройын асқақтата түседі», - дейді Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.
null 

Экспедиция 10 сәуір-28 мамыр аралығында «Гималай стилінде» жүргізіледі, яғни таудың түрлі бөліктерінде алдын ала лагерьлер ұйымдастырылады. Одан бөлек, «Альпі стилі» бар, мұнда альпинист базадан немесе лагерьден шығып, шыңды бағындыруға тікелей аттанады.


Ашық сайттардан алынған фото

Соңғы жаңалықтар