СЫРЫМ ДАТҰЛЫ

None
None
ЫМ ДАТҰЛЫ (1723-1802) - қолбасшы батыр, би, шешен, 1783-1797 жылдардағы Кіші жүз руларының орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі.

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында дүниеге келген. Тегі - 12 ата Байұлына жататын байбақты руынан. Сырым Датұлының атасы Шолан байбақты руының белгілі батыры болған. Ол батырлығымен, бірбеткейлігімен дараланып, төрелердің қолынан қаза табады. Шоланды төрелер кескілеп өлтіріп кеткенде, төртінші баласы Дат шешесінің құрсағында қалған екен. Шешесі аман-есен босанған соң, төрелермен арадағы зіл ұмыт болмас үшін баланың атын Дат қояды. Ел аузында сақталған әңгіме-аңыздарда Сырым Датұлы тана руының Малайсары, беріш руының Алдар, есентемір руының Есет секілді билерінен бата алған көрінеді. Мұның өзі Сырым Датұлының Кіші жүз қазақтарының арасында өзіндік беделге ие болғанын аңғартады. Асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен «Бала би» атанды. Сондықтан да Нұралы хан батырды бауырына тартып, оның беделіне арқа сүйеуге тырысты. Ол әуелі Сырымның әпкесіне үйленіп, оған жезде болады, кейін «ақсүйек тұқымы қара халыққа қыз бермейді» деген ата дәстүрін бұзып, Орын деген әйелінен туған қызы - Айғараны батырға қосып, оны күйеу бала етеді. Бірақ патшалық Ресейдің далалық өлкеде әкімшілік-саяси реформа жүргізіп, хандық билікті күшейту арқылы қалың бұқараның Жайық өзенінен өтуіне тыйым салып, шұрайлы жайылым мен өрісінен айырып табиғи құқыларын шектеуі, жергілікті билік органдары арқылы алынатын салық көлемін көбейтуі Сырым Датұлы мен орыс патшасы тағайындаған Нұралы ханның арасын ашып жіберді. Патша әкімшілігінің озбырлығына, хан-сұлтандардың дәрменсіз халіне ашынған батыр рубасыларының қалауымен қолына қару алып, қалыптасқан саяси жүйеге қарсы шықты. Ол өзінің Орынбордың генерал-губернаторы Игельстромға жазған бір хатында: «Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі» деп жазады. Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық аңғарылады. С.Датұлы Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне қатысты. Орал казак-орысы Ф.Куричын 1774 жылы Пугачев әскерінің құрамындағы қазақ жасағын Сырым батыр бастағанын мәлімдейді. Е.Пугачев өлтірілгеннен кейін де ол патша үкіметінің жазалаушы отрядына қарсы күресін жалғастыра берді. Оған генерал Ф.Суворовтың 1775 жылы граф П.Панинге: «Сырым батыр бастаған қырғыздарды қай жерде кез келсе де, қандайлық алысқа қууға тура келсе де оның өзін ұстап алып, тамырына біржола балта шауып немесе сол жерде өлтір дедім, оның басты жолдастарына да осыны істеңдер, әскерлік ант бойынша өздеріңнің күштеріңді де, өз бастарыңды да аямаңдар деп тапсырдым» - деген мазмұнда жолдаған баянхаты дәлел. Дегенмен батыр араға уақыт салып Ресей әкімшілігімен келісімге келді. Бұған белгілі дәрежеде 1775 жылы қарашаның 7-інде Ресей Сыртқы істер алқасының Сырымның Еділ-Жайық арасына, Каспий теңізінің жағалауына, Жем-Сағыз атырабына қоныстануына рұқсат берген жарлығы ықпал етті. Бірақ Ресейдің жасаған «кеңшілігі» ұзаққа созылмады, әсіресе, Орал казак-орыс әскерлері қазақтардың жер-су иелену құқыларын кеңейтуге үзілді-кесілді қарсы шықты. Осыған орай 1782 жылы желтоқсанның 27-інде патша үкіметі қазақтардың мал жаюына рұқсат еткен аудандарын енді тек жалға беру туралы жарлық шығарды. Бұл өз кезегінде ұлт-азаттық қозғалыстың қайта өрістеуіне алып келді. 1783 жылы Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жіберді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді. Соған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, сол жылдың күзінде Cырымды қолға түсірді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алды. Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен Oрал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырды. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етті. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болды. Міне, осы кезден, яғни 1784 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталды. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шықты. 1785 жылдың күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартты. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болды. Оның ақыры сол жылы Екатерина ІІ-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соқты. Хан тағынан Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмеді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түсті. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастады. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмады. Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшті. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алды. 1797 жылы көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болды. Есімнің орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін, ол Eсімнің кегін алмақ болып, арнайы отряд жасақтап, Сырымға қарсы аттанды. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысып, Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетті. Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын жасады. Ақыры оның есебін тауып улап өлтірді. Бұл жөнінде халық ауызында түрлі әңгімелер айтылады. 1803 жылы Сырым Датұлына арналып ас берілді. Бұл астың өзіндік маңызды оқиға ретінде аталып өткендігін сол кезде Бұхарға сапар шегіп бара жатқан Ресей елшісі поручик Я.Гавердовский өз күнделігінде жазып қалдырған. Батыс Қазақстан облысында Сырым Датұлы атындағы аудан бар.
Дерек көздері:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том
Қазақстан тарихы энциклопедиялық анықтамалығы
А.Сейдімбеков, «Елтұтқа» кітабы

Соңғы жаңалықтар