Сырттағы қазақ диаспорасы мәдени саладағы қолдауға өте мұқтаж - Талғат Мамашев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1992 жылдан бері бес жылда бір рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткізіліп келеді. Тағдырдың жазуымен Атамекенінен жырақтап, әлемнің бірқатар елінде өмір сүріп жатқан қазақ халқының өкілдері 22-25 маусым аралығында бесінші Құрылтайға Арқа төсінде жиналады.

Жалпы 30-дан астам елден келуге ниетті қазақтардың басын қосатын бұл Құрылтайды жоғары деңгейде өткізу үшін дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бүгінгі заманда Қазақ елінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі шетелдегі қандастарымызбен, әсіресе қазақ жастарымен рухани баланысымызды, тарихи тамырластығымызды үзіп алмау. Бұл тұрғыда олардың Қазақстан жайлы жан-жақты, толыққанды ақпарат алып тұруын қамтамасыз ету негізгі қадамдардың бірі саналады. Осы орайда айтулы шараның қарсаңында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашевтан алған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Талғат Асылұлы, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін өтті. Жалпы, егемендігіміз шетелдегі қандастарымызға қандай мүмкіндіктер берді?

- Қазақстан  Республикасы  егемендік алып, тәуелсіздік жариялағанда ең бірінші қуанған әлемнің  40-тан астам елінде шашырап жүрген ағайындар еді. Осы күннен бастап олардың атажұртқа келуіне кең жол ашылды. Осыған орай  шетелдегі қандастарымыздың басын қосып, жұмысты әрі қарай қалай жүргіземіз, көші-қон мәселесін қалай ұйымдастырамыз, олардың рухани-мәдени сұраныстарын қалай қанағаттандырамыз  деген көптеген мәселелер туындады. Міне, осы мәселелерді талқылап, бір жүйеге түсіру үшін бүкіл қазақтың басын қосқан бір алқалы жиын керек еді. 1992 жылы қыркүйек айында сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматы қаласында  өткен Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайы осы мәселеге арналды.

Сол алқалы жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды. Қауымдастық төралқасының төрағасы болып Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың бүгіні мен болашағы туралы тебіреніске толы баяндама жасады.

Сөйтіп, тұңғыш құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы деген  қоғамдық ұйым дүниеге келіп, тұсауы кесілді. Енді бұдан былай сырттағы 5 миллион  қандастарымыздың басын қосып, олардың рухани сұраныстарын өтеп, барлық мәселелерін осы қауымдастық шешетін болды.

Ал сұраққа келсек, егемендігіміздің шеттегі ағайынға берген алғашқы да басты мүмкіндігі көші-қон мәселесі. Шеттен келетін ағайынға бір кездері 300-500 квота бөлінсе, соңғы жылдары ол 20 000 отбасыға дейін  жетті. Соның нәтижесінде Қазақстанға бір миллионнан астам қандастарымыз қоныстанды. Олар тарихи отанына  оралуға әрқашанда мүдделі және жыл сайын үздіксіз келіп те  жатыр.  Бұл ағайындар атамекенге келген бойда еліміздегі өндіріс пен ауылшаруашылығының барлық саласына, шағын кәсіпкерлік пен бизнеске белсене кірісіп, нәтижелі еңбек етуде. Оқу-білім, мәдениет, ғылым саласында көзге түсіп жүргендер  де аз емес.  Бірқатар елдерден қоныс аударған қандастарымыздың жас ұрпағы Қазақстанның Қарулы күштері мен құқық қорғау органдарында да көптеп қызмет етуде. Демек, Қазақстанның бүгінгідей өсіп-өркендеуіне, қорғаныс күшінің нығаюына шетелдегі қазақтардың қосар үлесі айрықша қомақты.

Қазіргі кезде атажұрттан алыста тұратын ағайындардың біразы басқа тілде, басқа жазумен сауат ашады. Бұл жағдай олардың Қазақстанның жоғары және арнаулы орта оқу-орындарына түсуін қиындатады. Қауымдастық шетелдегі қазақ жастарына арналған дайындық бөлімдерін ашуға себепкер болды. Қазір дайындық бөлімдеріне  1500  балаға дейін қабылданады. Сосын жыл сайын шетелдегі қазақ балаларын  Көкшетаудағы «Балдәурен» атты оқушылардың жазғы лагеріне барып демалуы да ұйымдастырылуда. Бұл да біздің сырттағы қандастарымыз үшін жасалып отырған қамқорлықтардың бірі. Шетте жүрген қандастарымыз үшін бұдан басқа да мүмкіндіктер жасалып жатыр.

- Төртінші құрылтайдан кейін шетелдегі қазақтардың қауымдастықтарында қандай өзгерістер болды?

- Үлкен өзгерістер болды деуге келе қоймас, дегенмен қазіргі кезде шетелдегі қазақтар­дың мәдени-рухани салада қол жеткізген табыстары айтарлықтай мол. Қа­зақ­тар тығыз орналасқан жерлерде қа­зақ халқының тарихына, мәдениетіне байланысты бай мұралар бар. Шетелдегі қазақтар - Қазақстан үшін баға жетпес мол байлық,  үлкен қайнар күш.  Бірақ осы жерде олардың болашағы қандай деген сұрақ туындайды.  Бірден ашып айту керек,  шетелдегі қазақтардың жағдайы  күн өткен сайын қиындап барады. Олар өздері тұратын елдің жергілікті халқына сіңіп, ассимилацияға ұшырауға бет алған. Мұның алғашқы белгілері қазірдің өзінде айқын көрініп отыр.  Бүгінгі таңда шетелдегі қазақтардың өз ана тілінде оқып, білім алуы, өздерінің ұлттық қадір-қасиетін сақтап дамыта беруі барынша күрделенген. Соның салдарынан ана тілінен ажырап, қазақтық қалпын жоғалтқан жаңа ұрпақ қаулап өсіп келеді. Ал  мұндай ұрпақтың Қазақстанды тарихи Отаным деп есептеуі, атажұртқа ынта-ықлас танытуы екі талай. Мұның өзі  шетелдегі  қазақтардың  Қазақстанға келуін  бірте-бірте азайта берері анық. Яғни уақыт өте келе еліміз үшін өте маңызды шетелдегі баға жетпес байлығымыздан, өздерін атажұрттың өкіліміз деп есептейтін қалың қазақ диаспорасынан біржолата айырылып қалуымыз мүмкін.

Қазіргі кезде Қытайда қазақ тіліндегі кітап, газет-журнал шығару жоғары деңгейде жолға қойылған. Қазақтың әнін, күйі мен биін насихаттайтын өнер ұжымдары да баршылық. Қазақ халқының тарихи, мәдени-әдеби мұраларын зерттеп, жарыққа шығаруда да Қытайда үлкен жұмыстар жүргізілуде. Міне, сондықтан да біз  күнделікті жұмысымызда Қытайдың қазақтар көп тұратын Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданымен байланыс жасауға айрықша назар аударамыз. Бүгінгі таңда Ресейдің отыздан астам облыстарында қазақ  мәдени орталықтары құрылып, жұмыс істейді. Самара қаласында Тоқтар Дүсенбаевтың жетекшілігімен Ресейдегі қазақ мәдени орталықтарының үйлестіру кеңесі құрылған. Бірақ бұған қарап Ресейдегі қазақтардың ұлттық рухани-мәдени жағдайында ешқандай күрделі мәселе жоқ  дейтін ұғым тумауға тиіс. Бізді, әсіресе, Ресей қазақтарының ана тілінен алыстап бара жатқаны алаңдатады. Тіпті, қазақтар бірыңғай тығыз отырған жерлердің өзінде қазақ тілінде  білім  беретін мектептер жоқ.  Жастардың басым көпшігі өз ана тілін асып кеткенде факультетивті сабақ ретінде ғана оқиды.

Ал Иран, Ауғанстан сияқты бізбен жақын орналасқан  мемлекеттерде де біршама тығыз отырған ағайындарымыз бар. Қауымдасық олармен де тұрақты байланыс жасап тұруды ешқашан естен шығармайды. Шетел қазақтары туралы сөз еткенде Моңғолиядағы ағайындарымызға айрықша тоқтала кеткіміз келеді. Мұндағы қазақтар ана тілін де, ұлттық қазына байлықтарын да қаймағын бұзбай сол қалпында сақтап келеді. Демографиялық өсімі де жоғары деңгейде.

- Шетелдегі қандастарымыз қазіргі күні нақты қандай қолдауға мұқтаж болып отыр?

 - Менің ойымша, сырттағы қазақ диаспорасы мәдени саладағы қолдауға өте мұқтаж. Өйткені, олардың болашақта қазақ ұлтының өкілі ретінде сақталып қалуы осы мәселеге келіп тіреледі. Өркениетті елдердің көбі шетелдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасайды. Қазақстан да шетелдегі Қазақ мәдени орталықтарына осындай қамқорлық жасауды жүйелі түрде қолға алуы керек. Сондай-ақ, шет елдердегі қазақ жас­тарының арасынан әдебиет пен өнерге, білім-ғылымға, спортқа, кәсіпкерлікке бейім дарынды балаларды тауып, тәрбиелеуге көңіл бөлу қажет. Сосын сырттағы ағайындарымыз оқу-білім және ана тілі мәселесі жөнінен қолдауға аса мұқтаж.

- Қазақтардың көпшілігі көрші елдерде тұрып жатқаны белгілі. Қандастарымыздың осы мемлекеттерден елге қайту тұрғысында қандай да бір қиындықтар бар ма? Жалпы қай елдерден қандастарымыз көп келіп жатыр? 

- Шетелдегі сан миллион отандастарымыз болашақта да қазіргі тұрған жерлерінде мекендеп қала береді. Бұл шындық.  Ең бастысы оларды сол жерде ұлт ретінде аман сақтап, ана тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамыта беруге үлес қосуымыз керек. Міне, сонда ғана шетелдегі отандастарымыз тілі, дәстүрі, арман-мақсаты, мүддесі біртұтас және тарихи отанына әрқашан да жанашыр үлкен күшке айналады.  Өркениетті мемлекеттердің бәрі шетелдегі өз диаспорасын осы тұрғыдан бағалап, айрықша көңіл бөледі.

Айта кетейін, Қазақстанмен көршілес Қытайда бір жарым миллоннан астам қазақтар тұрады. Сосын шетелдегі қазақтар ең көп тұратын елдердің бірі - Ресей. Мұндағы ағайындармен байланысымыз барынша жоғары деңгейде. Өзбектан, Тәжікстан, Түрікменстан, Иран, Ауғанстан сияқты бізбен жақын орналасқан  мемлекеттерде де біршама тығыз отырған ағайындарымыз бар. Ал сол қазақтар тұрып жатқан мемлекеттерде елге қайту мәселесі түрлі деңгейде шешімін тауып жатады.

- Биыл Астанада өтетін Дүниежүзі қазақтарының V Құрылтайын өткізуге қызу дайындық жүріп жатқаны белгілі. Бұл жолғы Құрылтайдың ерекшелігіне тоқталсаңыз?

- Негізі, белгіленген жоспар бойынша бес жылда бір өтетін құрылтайдың бесінші кезегі былтыр өтуі керек еді.  Бірақ, биыл елімізде өтетін үлкен шараға, яғни ЭКСПО-2017 көрмесіне байланысты шетелден келетін қазақтардың осы халықаралық шараны көрсек деген ниетіне сай, Президент Әкімшілігімен келісіп, бір жыл кейінге шегердік. Ал алдағы Құрылтайға дайындық жұмыстарына келер болсақ, Президент Әкімшілігіне қатысты жобаларды ұсынып, олар жақтан талап-тілектері мен қолдаулары туралы сөйлесіп отырмыз. Қауымдастық көлемінде өткен шаралардан және алдынғы төрт реткі құрылтайдан болсын, азды-көпті тәжрибе жинадық. Соған сүйене отырып, жаңа мазмұндар кірістіріп, Құрылтайдың өресін тың деңгейге көтергелі отырмыз.

Бұл Құрылтайдың басты ерекшелігі - Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесімен қатар өтетіні. Яғни, шетелден келген қандастарымыз бен  құрылтай қонақтары ЭКСПО көрмесін тамашалауға мүмкіндігі бар. Тек ЭКСПО көрмесі ғана емес, көрме аясында жасалып жатқан шаралар бар.  Бұл тұрғыда дәстүрлі өнер көрмесі, ұлттық ойындар, мерекелік концерттер, сондай-ақ тағы да басқа толып жатқан шараларға бірдей қатыса алады. Бұндай шаралар бізге қалыпты көрінсе де, шетелдегі қазақтардың Қазақстанға, қазақ ұлтына деген ынтасын арттыратыны даусыз. Әсіресе, Этно-ауыл көрмесін көруге мүмкіндігі бар. Дәстүрлі киіз үйлермен қазақ дәстүрлі өнерін, мәдениетін, тарихын зергерлер ауылы, өнерпаздар ауылы, ісмерлер ауылы т.б. ауылдар ЭКСПО және құрылтай қонақтарына насихаттайтын болады.

Сосын Құрылтайда әсіресе жастарға басымдық бергелі отырмыз. Осыдан бұрынғы құрылтайларда қатысушылардың көбі жасы үлкен ел ағалары, ақсақалдар болып келді. Бұл жолы шетелдегі және елдегі қазақ жастарын көбірек қатыстырамыз. Бұл да болса алдағы құрылтайдың басты ерекшеліктерінің бірі болады.

- Жалпы, Құрылтайға қанша делегат шақырылды?  

- Дүниежүзі қазақ құрылтайына өкіл ретінде 35-36 елден, 350-ге жуық қандастарымызды шақырдық. Әрине, шетелдегі қазақ диаспораларының санына байланысты әр елден келетін делегаттар саны бірдей болмайды. Елдегі қазақ диаспорасының көптігіне байланысты Ресей, Қытай, Өзбекстандағы қандастарымыздан көбірек шақыруға тура келеді.  Сонымен қатар халықаралық ұйымдар және ұлты қазақ қана емес, көрші бауырлас халықтардың ұлттық бірлестіктерінен де арнаулы өкілдер шақырылады.

Ал еліміздің көлемінде 14 облыс пен Астана, Алматы қалаларынан 5 адамнан делегация қатысады. Олардан тыс бүкіл қазаққа ортақ әдебиет пен өнер өкілдері міндетті түрде құрылтай қонағы болады.

Қауымдастық саяси ұйым болмағаннан кейін, Қазақстанда тіркелген партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдардан да бір-бір өкіл қатыстырамыз. Бүгінгі таңда әлемнің қырықтан астам елінде қазақ бар десек, соның 32 елінде Қазақ мәдениеті орталығы ашылған. Бұл орталықтардың басқарушыларын шақырамыз және олардан жастар қанаты, ізбасарлары болса, құрылтайға әкелуін де талап етіп отырмыз.

Шетелдегі қазақ мәдени орталықтары арқылы көптеген елдегі біз білмейтін қазақ абыройын көтерген азаматтарға шақырту жібердік. Шетте жүріп биік белестерге көтерілген қазақ бауырларымыздың тізімін жасап, жеке-жеке хабарласып шақырып отырмыз. Айталық, қазіргі Өзбекстан Президентінің кеңесшісі болып отырған қазақ бауырымыз бар, Ресейде «Герой» атағын алған полковник бауырымыз бар.  Міне осыларға хабарластық.

- Құрылтайға қатысушылар үшін Астанада қандай шаралар ескерілген?

- Әрине, міндетті түрде бас қаламыз Астананың көрікті жерлерімен таныстыру, бастысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жұмысымен және басқа да жетістіктермен таныстыру жоспарланып отыр.

Айталық, бағдарлама бойынша 22 маусым күні түске дейін қонақтарға Астананы көрсетеміз. ЭКСПО-ға байланысты үлкен этноауыл бой көтергенін білесіздер. Ол үш ай бойы жұмыс істейді. Сол жерден қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігін, ұлттық байлығын тамашалауға мүмкіндік болады. Кешкілік Астана опера театрына «Қыз жібек» операсының жаңа қойылымына барамыз. Екінші күні Н.Назарбаев университетінде Президенттің қатысуымен пленарлық отырыс өтеді. Ондағы мақсат - Назарбаев Университетін көрсету. Ал одан кейін бүкіл қонақтарымызды ЭКСПО кешенін тамашалауға шақырамыз. Құрылтай шеңберінде өтетін секциялық отырыстар бірнеше министрліктердің ғимаратында өтетіндіктен, Астанадағы Министрліктер үйін қонақтарымызға көрсете аламыз, әрі сол жерде келелі кеңес құруға мүмкіндік жасаймыз.

Жалпы, шетелден келген құрылтай қонақтарына Қазақстанның барша жетістіктері мен табыстарын көрсету, бүкіл тарихи, мәдени құндылықтарымызды таныстыру үлкен мәртебе.

Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар