Сыртқы нарықта қазақстандық мұнайға деген сұраныс азайды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың қаңтар-наурызында Қазақстан өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2 пайызға кем мұнай экспортқа шығарды, деп хабарлайды finprom.kz.

Энергия ресурстарының әлемдік нарықтағы бағасының біршама қалпына келуі Қазақстанның мұнайды шетелде сатудан түсетін кірісін біршама арттырды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында шикі мұнай мен шикі мұнай өнімдерін экспортқа шығарудан 6 млрд. доллар түсім алынды. Бұл 2016 жылдың қаңтар-наурызында көмірсутекті экспорттаудан түскен жалпы сомадан 35 пайызға артық.

Биыл Brent маркалы мұнайдың 1 баррелінің құны алғашқы үш ай бойы 50-80 доллардан 56,81 долларға дейін ауытқып отырды. Ал 2016 жылдың басында мұнай бағасы соңғы 5 жылдағы ең төменгі деңгейге түсіп, барреліне 28,94 долларды құраған еді. Бірақ шетелдік сатып алушыларға қазақстандық мұнайды жеткізу көлемі қысқара түсуде. Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында Қазақстан 15,9 млн. тонна шикі мұнай экспорттады. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 2 пайызға кем.

2017 жылы Қазақстан мұнайын ең көп сатып алушылардың қатарында Италия мемлекеті бар. Мұнайдан түсетін кірістің шамамен 34,8 пайызын дәл осы ел қамтамасыз етіп отыр. Бір жылдың ішінде итальяндық кәсіпорындар Қазақстаннан сатып алған шикізат көлемі 545 млн. долларға бағалануда. Францияға да мұнай экспорттаудан түсетін түсім де артып 497 млн. долларды құрады. Ал Нидерландыға 203 млн. долларға мұнай сатылды.

Бірақ, қазақстандық мұнайды Жапонияға экспорттаудан түсетін түсім биылғы жылдың үш айында 2016 жылдың қаңтар-наурызымен салыстырғанда 102,5 млн., Қытайға 91 млн., Испанияға 79,5 млн. долларға кеміді.

Соңғы жаңалықтар