Сырдариядан биыл су тасқынының қаупі жоқ - Қызылорда облысы

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Көктем шыға Қызылорда облысындағы елді мекендерге Сырдария өзеніндегі мұз қауіп төндіретіні бар. Мамандар биылғы жылы дария бойындағы қауіптің азайғанын алға тартып отыр. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА тілшісі хабарлады.

Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі күні бас  су қоймасы Тоқтағұлда 13 млрд. 720 млн. текше метр су тұр. Одан төмен қарай секундына  617 текше метр су босатылуда. Ал Шардара су қоймасына  секундына 1491 текше метр келіп құйса, одан төмен қарай 850 текше метр жіберілуде. Бүгінгі күні Шардарада 4 млрд. 481 млн. текше метр су бар.

Сондай-ақ өзбек ағайындардың Арнасай каналына 50 текше метр су баруда. Көксарай су реттегіші жолшыбай секундына 500 текше метр суды қабылдап жатыр. Ондағы су көлемі 2 млрд. 540 млн текше метрді құрайды. Дарияға Арыс өзенінен секундына 104 текше метр су келіп қосылу үстінде. Бұл биылғы жауын-шашынның көп болуынан туындап отырған жайт. Қызылорда су торабынан нақты кезеңде 408 текше метр су өтіп жатса, Кіші Аралға оның 203 текше метрі жетіп жатыр.

Дариядағы мұз Қызылорда қаласынан 30 шақырым жоғары жерде ұстасып тұр. Мұздың қалыңдығы 10-15 сантиметрді құрайды. Күннің жылынуынан мұз уақыт өте жұқарып келеді. Мамандар дариядағы мұздың жүруі алдағы 4-5 күн ішінде болуы тиіс деген меже айтып отыр. Биыл негізгі судың қоры мол. Дегенмен дариядан өтіп жатқан су көлемі біршама азайтылған. Сол себепті де қауіп жоқ деуге болады. Осыған қарамастан тиісті мекемелер дария бойын күні-түні бақылауда ұстап тұр.

Соңғы жаңалықтар