Сырдария өзеніндегі көшкен сең Арал теңізіне жақындады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда Сырдария өзеніндегі мұз көшкіні толығымен Қазалы ауданы маңынан өтіп, Арал теңізіне жақындады, ешқандай қауіп жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысы Серік Сермағамбетов мәлім етті.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде дария жағалауы мен елді мекендерді су алу  жөнінде ешқандай қауіп туындап отырған жоқ. Дарияның төменгі бөлігіндегі барлық қорғаныс бөгеттері нығайтылған. Мамандар тарапынан тәулік бойына өзен арнасы тұрақты бақыланып отыр.

«Біздің болжам бойынша бүгін, 31 наурызда кешке қарай мұз Арал теңізіне жетеді. Сең кептелісі жоқ. Өткен жылдары қауіпті жерлердің бөгеттері бекітілген болатын. Ал, мұз қалыңдығы 30-40 сантиметр болған жерлерде оны жару шаралары жүргізілді», - деді С. Сермағамбетов.

Естеріңізге сала кетсек, 28 наурызда Қазалы ауданындағы Ә.Тыныбаев атындағы Қазалы су торабының деңгейі көтеріліп, дария бойындағы қорғаныс бөгеттеріне қауіп төндірді. Ал 29 наурыз күні Қазалы ауданында мұз салдарынан бөгетті су шайды. Салдарынан  "Шағала" тынығу лагері маңын су алды.

Басқарма басшысының айтуынша, лагерь жанында су тарту жұмыстары жүргізілуде. «Оның 2,9 гектар аумағын су басты. Қазіргі кезде су тарту жұмыстары жүруде. Жалпы, лагерьдің жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген, алдағы уақытта онда күрделі жөндеу өткізіледі», - деді С.Сермағамбетов.

Әділет Қаңтарбаев  



Фото: meteovesti.ru

Соңғы жаңалықтар