Сыр өңірінде ет экспорты жолға қойылып келеді

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірі мал басын көбейтуді, ет және сүт өнімдерін экспортқа шығаруды жолға қойып  келеді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына сілтеме жасап хабарлады.

Басқарма мәліметтеріне сүйенсек, өңірде биылғы жылдың осы мезгілінде 295,4 мың бас сиыр, 704,3 мың бас қой мен ешкі, 120,9 мың бас жылқы, 44,7 мың бас түйе, 2,1 мың бас шошқа және 103,4 мың бас құс өсірілуде. Жыл басынан бері облыс бойынша барлығы 24,2 мың тонна ет, 61,3 мың тонна сүт, 793,4 тонна жүн және 4678,0 мың дана жұмыртқа өндірілді. Министрлік бекіткен экспортқа ет шығарудың индикативтік жоспарына сәйкес ағымдағы жылы облыстан экспортқа 100 тонна сиыр етін, 25 тонна қой етін шығару көзделген.

Дей тұрса да, облыс көлемінде  халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты болмағандықтан, әзірге экспортқа салқындатылған немесе тоңазытылған етті шығаруға мүмкіндік жоқ.

Осыған байланысты ет комбинатын салу мақсатында «Сыр маржаны» ЖШС-гі Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясымен келісімге келіп, ет комбинатының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеу үстінде.

Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясымен жасалған келісімдерге сәйкес, ағымдағы жылдың                        15 тамызында Қызылорда қаласына қарасты «Күшімбаев Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясына тірілей салмағы 26,5 тоннаны құрайтын 812 бас қозыны экспортқа шығарды. Бұл бағыттағы  жұмыстар облыс әкімі Қ. Көшербаевтың  Иран Ислам Республикасындағы болып қайтқан жұмыс сапары барысында да кең көлемде талқыланды. Сыр бойылық кәсіпкерлер Гүлістан және Мазандаран провинцияларындағы ауыл шаруашылығы, өндіріс орындарын аралап көріп, Иранның бизнес қауымдастығына ортақ жобаларды таныстырды. 

Қызылордалық делегация Гүлістан провинциясында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы саласындағы ірі компаниялардың басшыларымен кездестіп, провинцияның губернаторы Сейид Маноф Хашемимен бірлесе атқарылатын жұмыстарды талқылады. 

Бұдан бөлек, «Қызылорда облысы мен Гүлістан провинциясы арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыс» тақырыбында бизнес форум өткізіліп, нақты жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Сонымен қатар, Жаңақорған ауданы тірілей салмағы 36,5 тоннаны құрайтын 1132 бас қозыны Жамбыл облысы арқылы Біріккен Араб Әмірлігіне экспортқа шығарды.

Қызылорда облысында Елбасының  бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамындағы 61-қадамда  нақтыланған міндетке сай көптеген шаруалар іске асып келеді. Онда: Ет өндіріс мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту  мәселесі айтылған болатын.  Сонымен бірге негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау міндеті де қойылды. Сыр өңірі бүгінгі таңда бұл міндеттер үдесінен шығып отыр.  

Соңғы жаңалықтар