Сыр бойы Ұлы даламызда ең алғаш қалалық өркениет пайда болған өлке - Әзілхан Тәжекеев

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сейхун, Яксарт секілді түрлі атауға ие болған бүгінгі Сырдария бойын жайлай орналасқан аумақ ел ішінде Сыр елі деп аталады. Алты алашқа пана болған қасиетті мекеннің қазақ жұртының қалыптасу кезеңінде де алар орны ерекше.

null 
«Сыр - Алаштың анасы» деп айтылуы да тектен-тек емес. Тұран ойпатындағы  осы алып өлкенің тарихы да қадым замандардан бастау алады. Бойына сан мың сырды жасырған киелі өлкенің тарихын зерттеу ісінің қолға алынғанына да ғасырға жуық уақыт болып қалды. Дегенмен қойнауына  қатпар-қатпар тарихы жасырылған  өлкенің уақыт өте келе бүгінгі ұрпаққа тосын сыйы азаяр емес. Бүгінде бұл кешенді жұмыс  егемендік алғаннан кейін ғана «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында іске асып жатыр.
null 

Шын мәнінде Сыр өңірі - Қазақстан жеріндегі көне өркениет іздері мол сақталған өлкенің бірі. Өлкенің тарихы археологиялық деректер бойынша бес мыңжылдықты қамтиды. Ежелгі заманнан бастап осы аймақта өмір сүрген халықтар Батыс және Шығысты байланыстыра отырып, өзіндік шаруашылық пен мәдени типті қалыптастырды.
null 

«Сыр бойы Ұлы даламыздың ең алғаш қалалық өркениеттің пайда болған өлкесі» атты еңбектің авторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев осы жөнінде жан-жақты әңгімелеп берді, деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыр өңірінде мекен еткен сақ, қаңлы, оғыз және қыпшақ тайпалары Қазақстан халқының этногенезінде ғана емес, Орта Азия, Орталық Азия және Еуропаның қазіргі халықтарының қалыптасуында маңызды рөл атқарғаны бүгінде белгілі болып отыр. Олар туралы алғашқы деректер біздің заманымызға дейінгі І мынжылдықтың орта кезеңінде өмір сүрген ежелгі Грекия, Рим, Парсы елдерінің көрнекті тарихшылары мен жиһангез географтарының еңбектерінде кездеседі. Бұл ақиқатты Орта ғасырлардағы Ұлы Жібек жолымен сапар шеккен араб, парсы, Еуропа елдерінің ғалымдары мен саяхатшыларының, елшілері мен әскери мамандарының еңбектері бұл мәліметтерді толықтыра түседі. Алайда, ғылыми археологиялық қазба жұмыстарын Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1990-жылдарға дейін КСРО ҒА Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кең көлемде жүргізді. Бұл кезеңде жүздеген ескерткіштер тізімге алынып, оннан астам қоныстар, қорымдар мен қалалар, ауыл жұрттары, кең тараған жасанды суландыру жүйелері зерттелді. Нәтижесінде ғалымдар тарапынан тас, қола және ерте темір ғасырларының ескерткіштері алғаш рет анықталып, өзіндік белгілері айқындалып, кезеңдерге, дәуірлерге, мәдениеттерге бөлінді», - дейді ғалым.
null 

Оның айтуынша, көптеген салалар секілді тәуелсіздік алған жылдары еліміздегі археологиялық ізденістері тоқырауға ұшырады, ал Қызылордада мүлдем тоқтаған.

«Сыр өңіріндегі жүздеген тарихи құндылығы зор, жәдігер  ескерткіштерді одан әрі зерттеу 1998 жылы қайта басталды. Оны Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-де жасақталған барлау экспедициясы қолға алды. Бұл экспедицияға Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтынан археолог-ғалым Ж.Құрманқұлов, белгілі фольклорист ғалым, профессор А.Алматов және бірқатар университет ғалымдары қатысты. Экспедиция мыңдаған шақырым жол жүріп, жүздеген ескерткіштерді көріп, зерттеп, ұзақ жылдарға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарының жоспарын жасады», - деп атап өтті Ә.Тәжекеев.

Оның айтуынша, жаңа ғасырдың басында Арал теңізінің табанынан табылған Кердері мавзолейі, Арал-асар елді мекендерін зерттеу үшін Арал археологиялық экспедициясының жұмыстары кешенді зерттеулердің бастамасы болды.

«Зерттеу экспедициясы Қазалы ауданы территориясында орналасқан «батпақтағы қалалар» деп аталған Жанкент, Күйік қала, Кескен Күйік қала ескерткіштерін аралады. Екінші маршрут Қармақшы ауданында жалғасып, Қуаңдария, Ескідариялық арнасы бойында орналасқан Жетіасар мәдениетінің Тас асар, Алтын асар, Қос асар, Томпақ асар, Тік асар сынды ескерткіштерінде болды. Бұл ескерткіштердің барлығында фото және видеотүсірілім жүргізілді. Осы маршрут кезінде экспедиция Жаңадария бассейніндегі Шірік-рабат мәдениетінің де ескерткіштері б.з.д. IV-II ғғ. жататын Бәбіш мола 1, 2 ескерткіштеріне және Шірік-рабат қала жұртына барлау жасады. Нәтижесінде болашақ тұрақты қазба жұмыстары үшін ортағасырларда астаналық қызмет атқарумен бірге, тарихи-этникалық, саяси, экономикалық процестерде аса зор роль атқарған Жанкент қаласын белгіледі», - дейді Археология және этнография орталығының жетекшісі.

Айта кетейік, бүгінде Арал маңының ежелгі және ортағасырлық тарихын зерттеуге бағытталған ғылыми ізденістер, ортағасырлық Жанкент қаласында кешенді археологиялық қазба жұмыстары, Шірік-рабат, Баланды, Сеңгір-там және Інкәр-қала ескерткіштерінде археологиялық зерттеулер жүргізіліп жатыр.
null

Бұған қоса, Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Сауысқандық шатқалындағы жартастағы бейнелер кешені ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Табиғи және Мәдени мұралар тізіміне енетін болады. Еліміздің тарихына тікелей қатысы бар көне астаналарымыз болған Сығанақ, Шірік-рабат және Жанкент шаһарларында қазба жұмыстары жүргізілуде.

«Сыр өңірі археологиясы ғылыми еңбектерді айтпағанда, мектеп бағдарламасындағы Қазақстан тарихы оқулықтарында өте аз берілген. Осы ақтаңдақтардың орнын толтыратын кез келді. Орта Азиялық «қос өзен» Әмудария мен Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы құм басқан өркениеттеріне жасалған ғылыми ізденістердің нәтижесінде көне дәуірлердегі игерілген егіншілік ауданы 4,5 млн. га құрағандығы анықталды, оның 2,5 млн. га Сыр өңірінің еншісінде. Оған жүздеген ежелгі қалалар мен бекіністер, ауылдар мен жасанды суландыру құрылыстары куә», - дейді археолог маман.

Оның сөзіне сәйкес, Сыр бойы Ұлы даламыздың ең алғаш қалалық өркениеттің пайда болған өлкесі, яғни б.з.д. 2400-2200 жж. Арал маңын мегендеген, егіншілік кәсібімен айналысқан отырықшы сақтардың рухани-діни орталығы - Шірік-рабат қаласы. Сонымен қатар, Оғыз мемлекетінің астанасы - ортағасырлық Жанкент, Қыпшақ хандығының, сонымен қатар, Ақ Орда, Әбілқайыр хандығы және Қазақ хандығының астанасы болған - Сығанақ қалаларын айтуға болады.

«Елбасы өзінің Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласында: «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл - рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз - ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз. Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ. Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мав­золейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жеті­судың киелі мекендерін және басқа да жерлер­ді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлт­тық бірегейлігінің мызғымас негізін құрай­ды»,- деп өткен тарихымыздың маңызына ерекше тоқталды.   

Қорыта айтқанда, біздің мақсатымыз - Қызылорда облысы аумағындағы тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау, археология және этнография салалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу және тарихи құндылықтарды Қазақстан халқына насихаттау», - дейді ғалым.

Соңғы жаңалықтар