Сұңқармен аң аулау ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне қосылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сұңқармен аң аулау ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне қосылды.

Мұндай шешімді Эфиопияда Материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комитет қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетерлігі, сұңқармен аң аулау көптеген елдердің ұлттық ойындары саналады. Сондықтан да сұңқармен аң аулауды ЮНЕСКО тізіміне қосуды Қазақстаннан бөлек Біріккен Араб Әмірліктері, Австрия, Бельгия, Чехия, Франция, Германия, Венгрия, Италия, Корея Республикасы, Моңғолия, Марокко, Пәкістан, Португалия, Катар, Сауд Арабиясы, Испания және Сирия Араб Республикасы ұсынған.

Жоғарыда айтқанымыздай, сұңқармен аң аулау көптеген елдерде бар. Бірақ бүркітпен қоян немесе түлкі алу - Қазақстанның ерекше кәсібі саналады.

Бұған дейін Эфиопияның Аддис-Абеба қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің отырысында Қазақстан адамзаттың мұрасы тізіміне қосу үшін сұңқармен аң аулауды және қазақша күресті  ұсынғанын әрі қазақша күрес мәдени мұра тізіміне енгенін хабарлаған болатынбыз.

Ескерте кетерлігі, таяуда ғана Материалдық емес мәдени мұра комитетінің шешімімен ЮНЕСКО тізіміне 12 мұра енгізілген. Олардың қатарында йога, сұңқармен аң аулау, Наурыз мейрамы, кубалықтардың румба биі, қазақша күрес бар.

Соңғы жаңалықтар