Сумен жабдықтау жобалық құжаттамаларының сапасына назар аудару қажет

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сумен жабдықтау жобаларының құнына, жобалық-сметалық құжаттамалардың сапалы  түрде әзірленуіне ерекше назар аудару қажет. 

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресми деректерге сәйкес, 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін 2930 ауылдық мекен орталықтандырылған сумен жабдықталмаған. Оның ішінде халық саны 200 адамнан аз ауылдар саны 1326, яғни 45 пайызын құрайды. Әрбір үйдің, әрбір  тұрғынның сапалы ауыз су алу мүмкіндігі болу үшін осындай ауылдарда су беретін  кемінде 2 су жинау ұңғымасын орнату оңтайлы болар еді немесе топтық су құбыры  ауыл жанымен өтетін болса, онда оны оған қосу керек. 2 су ұңғымасын орнатудың орташа  құны 40 млн теңге деп есептесек, халқының саны 200 адамнан аз ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету  тұтастай алғанда 53 млрд теңге болады. Ал енді халқының саны 200 адамнан асатын 1604 ауылға қатысты айтар болсақ, оларға су құбыры желілерін  жүргізу шамамен 320 млрд теңге қажет  болады екен», - деді ол.

Осы ретте оның айтуынша,  2017-2018 жылдары аталған ауылдардың кейбіреулеріне бюджет қаражаты қарастырылған. Жалпы республикалық 2930 ауылдық елді мекендерін сапалы ауыз сумен  қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 373 млрд теңге қажет. 

«Салыстыру үшін уәкілетті органның деректері бойынша 2930  ауылдық елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтамасыз  ету үшін жалпы қажеттілік 1 трлн теңгені құрайды. Бұл жерде бөлінетін бюджет қаражаты мақсатына сай және тиімді түрде  пайдаланылуы тиіс. Сондай-ақ сумен жабдықтау жобаларының құнына, жобалық-сметалық құжаттамалардың сапалы  түрде әзірленуіне ерекше назар аудару қажет. Себебі кейбір сумен жабдықтау жобаларын салыстырған кезде бір өңірде бір шақырым су құбыры желісінің құны 10 млн теңгеден 50 млн теңгеге дейін болып отыр. Сондықтан сумен жабдықтау жобалары құнының негізсіз көтерілуіне жол бермеу үшін тиісті  бақылау болуы керек. Сонымен бірге облыстардың сумен жабдықтау деңгейін негізге ала отырып, сумен жабдықтау жобаларын қаржыландыруды көбейту ауылдарды таза ауыз сумен қамтуды арттырады», - деді Нұртай Сабильянов.

Соңғы жаңалықтар