Сумен жабдықтау қызметін министрліктер арасында бөлудің қажеті жоқ - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сумен жабдықтау қызметін министрліктер арасында бөлудің қажеті жоқ. Мұндай пікірді  бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сәкен Өтебаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы қызметтердің шашыраңқылығы  проблема болып отыр. Соның салдарынан жобаларды жүзеге асыру барысында өкілетті органдардың арасында үйлесімділік жоқ. Мәселен, жер үсті су көздері мен топтың су таратқыштарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, ал жер асты су көздері мен  елді мекендерді сумен жабдықтау жүйесін дамытуға ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жауап береді. Бұған қоса, жоспарлау, салу және одан ары пайдалану жергілікті атқарушы органдардың құзіретінде қалып отыр», - деді депутат.

Осы ретте Сәкен Өтебаев барлық қызметшілерді бір мемлекеттік органға шоғырландыру мәселесін қарастыруды ұсынды. Мұндай шара елді мекендерде сумен жабдықтау жүйесін пайдалану, жобалау, салу және қайта жаңғырту барысындағы барлық мәселелерді қамтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінде еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау өтті. Шараға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Инвестициялар және даму министі Жеңіс Қасымбек, мүдделі мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар