Сұлтанов облыстың дамуына қосқан ақжарлықтарды марапаттады

None
None
АСТАНА. Қазақпарат - Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ерiк Сұлтанов Ақжар ауданына жұмыс сапары барысында Қулыкөл селолық округiне барды.

Өңiр басшысы «Қожылдақов» ЖК сүт қабылдау пунктiнiң жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды СҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

«Ғимаратты жөндеп, инфрақұрылым өткiздiк. Ағымдағы жылдың тамыз айында «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 3 миллион теңге алдық. Салқындататын құрылғысы бар кiлегей айырғыш сеператор, май шайқағыш және басқа да құрылғылар сатып алынды. Қазiргi таңда сүт азырақ, 200 литр шамасында. Жұмыс көктемде қарқынды басталады. Бiз қаймақ, iрiмшiк, сары май, құрт және басқа да сүт өнiмдерiн өндiремiз», - дедi жеке кәсiпкерлiк иесi Есiлбай Қожылдақов.

Өнiмге жергiлiктi тұрғындармен қатар, аудан орталығы Талшық ауылынан және өзге де көршi елдi мекендерден де сұраныс бар. Кәсiпкер алдағы уақытта наубайхана ашуды жоспарлап отыр.

Әрi қарай облыс әкiмi «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлген «Балапан» балабақшасына барды. Ерiк Сұлтанов балабақша тәрбиеленушiлерiне теледидар сыйлады. Бүлдiршiндер болса қонақтарды өнерлерiмен тәнтi еттi.

Бүгiнде «Балапан» балабақшасына 80-ге жуық бала барады. Мұнда өскелең ұрпақтың толық дамуы үшiн барлық жағдайлар жасалған, сондай-ақ медицина кабинетi мен кiр жуатын орын бар.

Содан соң өңiр басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналған салтанатты шараға қатысты. Ерiк Сұлтанов ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, өңiрдiң тәуелсiздiк жылдарында жеткен маңызды жетiстiктерiне тоқталды.

«Солтүстiк Қазақстан облысының жалпы iшкi өнiмi 13 есе артып, 837 миллиард теңгеге жеттi. Негiзгi капиталға құйылатын инвестиция көлемi 34 есе өстi. Өндiрiстiк өнiм көлемi 167 миллиард теңгеге артты. Агроөнеркәсiп кешендерiндегi еңбек өнiмдiлiгi үш есе артып, адам басына 1,7 миллион теңгенi құрады», - дедi облыс басшысы.

Бұдан бөлек, өңiр басшысы облыс дамуына Ақжар ауданының үлесiн атап өттi.

«Биыл орақ науқанында аудан шаруалары өнiмдiлiгi гектарына 15,3 центнер болатын 300 мыңнан астам астық жинады. Бұл өте жақсы көрсеткiш. «Сыбаға» «Алтын Асық», «Құлан», «Ырыс» бағдарламалары бойынша 10 жоба жүзеге асырылды. Осы жылы барлығы 1,3 мың iрi қара мал сатып алынған», - дедi өңiр басшысы.

Iс-шара барысында облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуына қосқан елеулi үлесi және қоғамдық өмiрге белсендi араласқаны үшiн және Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығын мерекелеуге байланысты облыс әкiмiнiң Құрмет грамотасымен Қали Хадесов атындағы Жаңаауыл орта мектебiнiң кiтапханашысы Ботагөз Жаукина марапатталды және тағы екi ауыл тұрғынына Алғыс хат табысталды.

Аға буын өкiлдерiнiң атынан Сүйiндiк Шәрiмов сөз өйледi. Ал өскелең ұрпақ атынан Анар Ғазизова өз шығармашылығынан «Президентке хат» өлеңiн оқып бердi.

Мерекелiк бағдарлама Қали Хадесов атындағы Жаңаауыл орта мектебiнiң оқушылары мен Ақжар ауданының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттiк нөмiрлерге жалғасты.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов Қулыкөл селолық округiнiң тұрғындарымен кездестi.

«Мен Қулыкөлке келiп тұрғындар үй-жайларының маңын абаттандыруға үлкен мән бере бастағанын көрдiм. Мұнда балабақша қалпына келтiрiлдi, жолдар жөнделiп, балалар ойын алаңы салынды. Облыс бойынша көшi-қонның терiс айырымы түгелге дерлiк тоқтады. Адамдар көшiп кетпей, керiсiнше, көшiп келiп жатыр. Әрине, бұған ең алдымен еңбек күшi көп шоғырланған өңiрлерден тұрғындардың қоныс аударыуын реттеудi қолға алған мемлекеттiк бағдарламаны жүзеге асыру оң әсер етiп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен жүргiзiлiп жатқан мемлекеттiң бағдарламалардың арқасында елiмiз көптеген елдер сияқты құлдырауға түспей, керiсiнше, қарқынды түрде дамып келедi», - дедi өңiр басшысы.

Кездесу барысында Қулыкөл селолық округiнiң тұрғындары ауыл тұрғындарының өмiрi туралы айтып өттi.

«Бiзде биыл хоккей корты салынып жатыр. 2017 жылы мұнда қысқы спараткиада өткiзiлетiн болады. Жазғы стадион салынып, үлкен трибуна орнатылды, ауылымызда шағын орталық бар, мешiт жөнделдi. Өмiр сүру оңайлады, еңбекақы көлемi де өстi», - дедi Бостандық ауылының тұрғыны Анна Корчагина.

Ауыл жұртшылығы негiзiнен оң өзгерiстердi тiлге тиек еттi. Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар өңiр басшысына қызықтырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап ала алды.

 

Соңғы жаңалықтар