Сұлтан Хан Аққұлы: Алаш автономиясының ғана емес, Ақпан төңкерісінің де 100 жылдығын тойлау керек еді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 100 жыл бұрын Орынбордағы ІІ жалпықазақ құрылтайында Алаш автономиясы жарияланды. Шындығында бұл сол тұстағы ұлт қайраткерлерінің егемен ел болып, тәуелсіз мемлекет құруға жасаған үлкен серпілісі еді. Елбасы Н. Назарбаев айтпақшы сол кездегі «Алаш идеясы - ата-бабаның дербес ел болу жолындағы аманатымен ұштасты». Ұштасып қана қойған жоқ «Тәуелсіздік» деп тұтанған тілек бүгінгі шынайы Тәуелсіздікке жеткізді.

Осы мерейлі Алаш автономиясының 100 жылдығы қарсаңында белгілі алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлымен өрбіген сұхбатты оқырман қауымның назарына ұсынамыз.

- Биыл 100 жылға толып отырған Алаш автономиясының, яғни ұлттық мемлекеттің құрылымы қандай еді?

- Расында Алаш қайраткерлері өзін-өзі басқару құқығына ие болатынына 1910 жылы көз жеткізген. Сол жылы Санкт-Петербургта Әлихан Бөкейханның «Қазақтар» атты тарихи-анықтамалық очеркі жарық көрді. Осы очеркте 9 облыс, 1 губерния (Астрахан) мен Алтай өңірі қазақтар мекен ететін жер ретінде көрсетілген. Онда «осы өңірлерде кез келген келімсек халықтан қазақтың саны көп» деп жазылды. Яғни сол кезде-ақ болашақ Қазақ автономиясының шекарасы белгіленген деп санауға болады. Ал 1911 жылы Әлихан Бөкейхан мен Барлыбек Сырттанұлы болашақ Қазақ Республикасының Уставын, яғни Жарғысын, бүгінгі тілмен айтқанда Конституциясының жобасын жасады. Олар ұсынған Конституция жобасы бойынша Қазақ мемлекеті - Парламенттік-президенттік республика болуы тиіс. Онда Премьер-министр институты айтылмаған. Демек, Алаш қайраткерлері бір жағынан Ұлыбританияның, екіншіден АҚШ-тың үлгісін алғысы келгенін айғақтайды. Былайша айтқанда, Алаш қайраткерлері сол кездің өзінде алдыңғы қатарлы елдердің озық үлгісін алмаққа ұмтылғанын көрсетеді.

Ал 1917 жылдың көктемінде Алаш қайраткерлері Семейдің Слабодкасын (қазіргі Жаңа Семей) Алаш қаласы деп атады. Бұл нені білдіреді? Біріншіден, 1910 жылы шекара жобасын белгіленді, екіншіден, 1911 жылы Конституциясы жобасын әзірленді, үшіншіден, 1917 жылдың көктемінде елдің болашақ астанасы анықталды. Ал Алаш автономиясы құрылғаннан соң 1918 жылдың мамыр айының тұңғыш заңнамалық қаулыларында аталған жерлер (9 облыс, 1 губерния, Алтай өңірі негізінде) Алаш автономиясының заңды территориясы деп жарлық шығарды.

- Әлихан Бөкейханның өзі қазақ тарихын, сол кездегі жағдайды әбден зерттей келе, Ресей секілді мемлекеттен тәуелсіздікті алу оңай болмайтынын білді ғой. Ендеше Алаш арыстарының ұлттық ұстанымының қалыптасуына қандай себептер түрткі болды?

- Расында да, Алаш қайраткерлері Еуропаның ғана емес, өркениеті озық әлемдегі азаттық үшін күресушілердің неше түрлі жолдарын талқылады. Әлиханның өзі ең алдымен Кенесарының ұлт-азаттық күресін, оларға дейінгі қазақ даласындағы барлық қарулы қарсылықтарды толық зерттеген ғалым. Соны қорытындылай келе Алаш қайраткерлері «мынау алып империяға қарсы біз қарулы күшпен төтеп бере алмаймыз, өзімізді өзіміз билейтін құқықтық мемлекет бола алмаймыз, мемлекетімізді құра алмаймыз» деген тұжырымға келді. Сол себепті олар «отарлаушы Ресей империясының өзін түбегейлі қайта құру керек» деген ұстанымды қолдады. Былайша айтқанда, патшалық биліктің Федеративтік-демократиялық парламенттік-президенттік республикаға айналуын тіледі. Әлихан мен оның үзеңгілестерінің орыстардың демократиялық ілгерілеуші партиялардың қатарына кіру себебінің бастысы осы болатын.  

Айта кеткім келгені, биыл бізге Алаш автономиясының 100 жылдығымен қатар, жыл басында Ақпан төңкерісінің 100 жылдығын тойлау керек еді. Өйткені, ол жайлы Ахмет Байтұрсынұлының большевиктерге қосылар алдында: «Қазақ халқы Ақпан төңкерісін қандай қуанышпен қарсы алса, Қазан төңкерісін сондай қорқынышпен, үреймен, күдікпен қарсы алды» деп айтқаны бар. Сол кездегі қазақ қайраткерлерінің басым көпшілігі Ақпан төңкерісін Батыс майданда қарсы алды. Қазақ шырт ұйқыда жатқанда Әлихан Бөкейхан Батыс майданнан «Айналайындар, бастарыңа бостандық келді. Енді баяғыдай партия-партияға бөлініп қаңғырмаңдар! Тізе қосыңдар! Енді сендерге өмірде болмаған тарихи мүмкіндік беріліп отыр. Ол - бостандық. Сол бостандықты пайдаланып, мемлекет құрып алыңдар» деп телеграмма жіберді.

- «Қазақ жерінің жоқшысы» кітабыңызда Әлихан, Ахмет және Міржақып үштігінің құрылған кезеңін ерекше атап өтесіз. Алаш арыстарының ұстанымы бір жерден шыққанына күмән жоқ, бірақ осы үштікті ерекше атап өтуіңіздің себебі неде?

- Әлихан не істемесін, не іс жоспарламасын - бірден-бір жүзеге асырушысы кім болды? Олар - Ахмет пен Міржақып! Біз Алаштың үш арысы дейміз. Үш арыс өздерінің ісімен бүкіл қазақ зиялыларының басын біріктірген жоқ па!?

Алаш партиясы не үшін 1917 жылы құрылды? Патша манифестке қарамастан, қазаққа тізесін батыруды қойған жоқ. Егер 1905 жылы Қазақ партиясы құрыла қалса, 1907 жылы 3 маусымдағы жарлығынан кейін (яғни сайлау заңын өзгерткеннен кейін, 6 миллионға жуық қазақ бәрібір сайлау құқығынан айырылды) қазақтар Думаға депутат сайлай алмады. Онда бізге партияның қажеті қанша? Ал сол кезеңде партия құрылған жағдайда ол болыс сайлауларына араласып, ел ішінде абыройы айрандай төгілер еді. Сондықтан, 1907-1917 жылдың аралығында партия құрудың ешқандай қажеттілігі болған жоқ. Сол аралықта партия құрылған болса Алаш арыстарының есімдері қуғындаушы Патша билігіне мәлім болып кетер еді. Сол себепті, Алаш арыстары бір-бірімен байланысын көрсетпеді.

1909 жылы Әлихан өзі таңдап отырып, Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай эмиграцияға Самарға кетеді. Ахмет Байтұрсынұлына Әлихан «Сен дала өлкесінен кетуің керек» дейді. Ахмет сондықтан Орынборға тартады. Не үшін? Жұрттың көбі Ахмет кезінде мұғалімдер семинариясын таңдағаны үшін Орынборға кетті деп ойлады. Жоқ! Өйткені, Самар мен Орынбордың арасы - ұзақ емес. Мәселен, «Қазақ» газеті қыспаққа тап болып, көтере алмастай айыппұл салынған кезде Әлихан не істейді? Дереу пәуескеге отырып алып, Орынборға тартады. Сөйтіп, Ахаңды түрмеден алып шығып, газеттің айыппұлын төлеп беріп отырған. Олар ресми биліктің көзінше бір-бірімен жақындаспауға тырысты.

- Алаштың 100 жылдығына арналған халықаралық конференциялар мен ірі ауқымды шаралар республика бойынша  ұйымдастырылды. Жалпы Алаш идеясын халыққа насихаттау, жастарға сіңіру жұмысы қалай?

-Бұл жұмыстың кемшін жері аз емес. Дегенмен, аса назар аударатын жайт бар: барлық өңірде Қостанайда, Ақтөбеде, Павлодарда, Алматыда ірі конференциялар болып өтті. Семейде Әлиханның ескерткіші ашылды. Астана қаласында бір емес, екі халықаралық конференция ұйымдастырылды. Назар аударсаңыз, жұртшылықтың көпшілігі шатасып жатыр, биыл Алаш партиясының 100 жылдығы емес... Ол жай ғана саяси партия. Мейлі, ол қазақ тарихындағы тұңғыш партия болсын, бірақ оның ұлт тарихында соншалықты маңызы жоқ. Тіпті Алашорданың 100 жылдығы деу де қате. Жыл бойына ғылыми немесе қоғамдық іс-шаралардың барлығы да үлкен саяси қателікпен «Алаш партиясының 100 жылдығын», «Алашорданың 100 жылдығын» тойлады. Көпшілігі «Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толды» дегенді дұрыс айтпады. Ең басты, мәселе - осы!

Әлімхан Ермекұлының «Сарыарқа» газетіне: «Біз 12 желтоқсанда сағат үште азан шақырып, Алаш автономиясын құрдық» дейді. Ал 1926 жылдың 26 тамызында құрылған Қазақ автономиялық кеңестік республикасы - Алаш автономиясының құқықтық мұрагері. Демек, біз биыл Алаш автономиясының ғана емес, қазіргі Қазақ автономиясының құрылғанының 100 жылдығын тойлауымыз керек. Екіншіден Қазақ хандығы 1847 жылы Кенесары хан қаза болғаннан кейін біржола ыдырап, тарих сахнасынан кеткен болса, арада тура 70 жыл өткеннен кейін 1917 жылы Алаш қайраткерлері қазақтың ұлттық мемлекеттілігінің іргесін қайта көтерді.

Тағы бір ескеретін жайт, желтоқсан айында болған екінші емес, үшінші жалпықазақ съезі екенін естен шығармау керек. Өйткені, бірінші жалпықазақ съезі 1917 жылдың 2-8 сәуірінде болған. Оны қазіргі уақытта Торғай облысы қазақтарының съезі деп атап жүр. Бұл сол съездердің ішіндегі ең алғашқы үлкен съезі еді. «Облыстық съез» деген айдармен өткенімен, ол нағыз жалпықазақ съезі болатын. Оған алты облыстан 300-ден астам депутат, Түркістаннан арнайы өзбек көсемдері келді. Ал 21-26 шілдеде өткен жазғы бірінші жалпықазақ съезі деп жүргеніміз - ол екінші жалпықазақ съезі болады. Ендеше желтоқсанда болған - үшінші жалпықазақ съезі. Оны бірақ құрылтай съезі деп атау керек. Өйткені, оған барлық қазақ облыстарынан бір-бір өкілдерінен келген болатын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар