Судья ұрлық жасағандарға үкімді мектепте шығарды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкентте 10 дерек бойынша істі болған екі азаматқа халық алдында үкім шықты. Қаратау ауданының тұрғындарына миллиондаған шығын келтірген қарақшылар жәбірленушілерден кешірім сұрап, жазаға тартылды. Көшпелі сот отырысын, мектептердің бірінде өткізген Қаратау аудандық соты қос азаматты бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Тvk-uko» телеарнасына сілтеме жасап.

Өз көршілерінің бағалы заттарын тонаған екі азаматтың бірі 1994 жылы туған Ерлан Атамбеков. Ал сыбайласы 25 жастағы Дархан Түктібаев. Екеуі Қаратау ауданындағы бірнеше үйге ұрлыққа түсіп, қолды болған заттарды төмен бағамен сатып отырған. Түскен қаржыны өз қажеттіліктеріне жаратқан. Айта кету керек, екі сотталушы да бұған дейін істі болған. Мәселен, Дархан өзге біреуге жарақат салғаны үшін шартты түрде сотты болса, екіншісі ұрлық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Талай жұртты сан соқтырған азаматтар халық алдында кешірім сұрап, істеген қылмыстары үшін өкінетінін жеткізді. Сондай-ақ бұған дейін ұрланған заттарын иелеріне қайтарып, кешірімін алған. Осыған байланысты оларға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

«Сотталушы Ерлан Елікбайұлы Атамбеков ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық жолмен табылған не қылмыстық жолмен сатып алынған мүлкі тәркіленіп, 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сотталушы Дархан Түктібаевқа тағайындалған жаза қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздіктегі мекемесінде белгіленсін», - деп үкімді жария етті Қаратау аудандық сотының төрағасы Ермахан Рахманберді.

Қаратау аудандық соты бұған дейін де 6 рет көшпелі сот отырысын өткізіп, сотталушыларға жаза тағайындаған. Мәселен, тәртіп сақшысы пара алғаны үшін әріптестерінің алдында сотты болған еді.

 

Соңғы жаңалықтар